Жамбыл жаңалықтар

Жуалылық диқандар мол өнім жинады

Бұл туралы Жуалы ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мәлімдеді

Жуалы ауданы — ауыл шаруашылығын негізгі тірек еткен, егін және мал шаруашылығы қатар дамыған өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауа райының тұрақсыздығы мен құрғақшылық жағдайларына қарамастан, аудан шаруалары табандылық танытып, жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде орындап келеді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 40 374,0 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,7 пайызға жетті. Бұл нәтижелер аудандағы шаруашылықтардың жүйелі жұмысы мен агротехникалық талаптардың сақталуының арқасында мүмкін болған. 

Жер өңдеп, сала жұмысын жеңілдету ісінде ауыл шаруашылығы техникаларының маңызы зор деп айтуға болады. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарына қатысатын ауыл шаруашылығы техникаларының саны – 730 бірлікті құраған. Оның ішінде, 369 дана доңғалақты трактор, 127 дана соқа, 149 қопсытқыш, 60 дәнсепкіш, 5 дәнулағыш және 20 дана басқа да техникалар бар. Ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға келсек, биылғы жоспар – 104 дана (1 комбайн, 44 трактор, 59 тіркеме). Бүгінгі күнге жалпы сомасы 393,5 мың теңгеге 58 жаңа техника сатып алынды (23 трактор – 275,1 миллион теңге, 35 тіркеме – 118,4 миллион теңге). Орындалуы 5,8 пайыз.