жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:10

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Журналист кетеді, сіз қаласыз»: Байзақ емханасындағы бейберекет жүйе

«Журналист кетеді, сіз қаласыз»: Байзақ емханасындағы бейберекет жүйе
Фото: Jambylinfo.kz
Байзақ ауданындағы емдеу мекемесінде жүкті әйелге медициналық қызмет көрсетуден бас тартылды

Бүгін біз журналистік зерттеу аясында Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылына жол тарттық. Мақсатымыз – жергілікті медициналық қызметтің сапасын бағамдау, тұрғындардың айтуынша жиі кездесетін олқылықтарды көзбен көру еді. Бұл сапар барысында кездейсоқ куә болған оқиға біздің күмәнімізді нақты дәлелдегендей болды.

Байзақ аудандық емханасына кіре бергенімізде алдынан Аймантөбе ауылының тұрғыны – Аубакирова Жанар кездесті. Жанар – аяғы ауыр келіншек. Айтуынша, өзі тіркелген ауылдық амбулаториядан ЭКГ (жүрек электрокардиографиясы) түсірту үшін жолдама алған. Бұл – жүктілік кезінде міндетті әрі маңызды тексерулердің бірі.

ЭКГ түсіріліп болған соң, ол кардиолог маманға кіруі тиіс болатын. Талон уақыты – 11:40. Алайда, дәл уақытында келгеніне қарамастан, дәрігерлік қабылдауға жол берілмеген. Емхана қызметкерлері:

 «Сіз базада жоқсыз. Сіздің орныңызда басқа адам тұр», – деп шығарып салады.

Бұл жағдайдың мән-жайын түсіну үшін аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Жібек Исаеваға жолықтық. Ол бізге бұл – техникалық ақау болуы мүмкін екенін айтып, жүкті әйелмен бірге өз аяғымен кардиолог дәрігерге ертіп барды.

Алайда, дәрігердің жауабы бізді тағы да таңғалдырды:

 «Мен базада не бар – соны ғана көрем. Өшіру, өзгерту менің қолымнан келмейді. Кезекпен қабылдаймын».

Дегенмен, осы "қабылдай алмаймын" деген дәрігер, көп ұзамай базадан бос орын тауып, ЭКГ түсірілімінің сипаттамасын жазып берді. Ендеше, "сіз базада жоқсыз" деген жауаптың артында не тұр? Кәсіби салғырттық па, әлде жүйелік ақау ма?

Мұнымен де іс бітпеді. Ауруханадан шыға бергенімізде, Жібек Исаева жүкті әйелге қарап:

«Журналистер кетеді, бірақ сіз бен біз осында қаламыз», – деген мазасыз сөз айтып, «сабыр болсын» дегеннің орнына, қорқытуға ұқсас ишара білдірді.

Бұл – жай ғана техникалық қате ме, әлде жүкті әйелдердің де жүйенің құрбанына айналғанының тағы бір дәлелі ме?

Редакциялық пікір:

Медицина – бейжайлықты көтермейтін сала. Әсіресе, жүктілік кезіндегі тексерулердің кешігуі ана мен бала өміріне тікелей қауіп төндіруі мүмкін. Бұл оқиға – бір ғана Жанардың басынан өткен жағдай емес. Мұндай мысалдар еліміздің түкпір-түкпірінде кездеседі. Алайда Байзақтағы бұл жағдай – жүйедегі келеңсіздіктердің, емделушіге деген немқұрайдылықтың айқын көрінісі.

Біз бұл мәселені назарда ұстаймыз. Келесі материалдарда аудандық денсаулық сақтау бөлімінің ресми жауабын күтеміз.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар