жұма, 17 сәуір, 2026 2:02

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген»: Жамбылда үш тұлғаға қатысты сот үкімі шығарылды

«Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген»: Жамбылда үш тұлғаға қатысты сот үкімі шығарылды
Фото - ашық дереккөз
Бұл туралы прокуратура мәлім етті

Жамбыл облысында кәмелетке толмағанды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша үш тұлғаға қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Өткен жылдың сәуір айында Жамбыл ауданы Тастөбе ауылында 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласындағы сарайда асылып, өзіне-өзі қол жұмсаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігімен (өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

 

- Тергеп-тексеру нәтижесінде аталған ауылдың 22 жастағы тұрғыны, сондай-ақ 10-11 сыныптың екі оқушысы күдікті ретінде танылды. Жүргізілген  тергеу 7–11 сынып оқушылары арасында «бейресми көшбасшылардың» және «көшелік ұғыммен өмір сүру» тәртібінің қалыптасуы бар екенін, бұл кей жағдайда жастар арасында қалыпты жағдай ретінде қабылданатынын  көрсетті. Қайғылы оқиғаның себептері ретінде «үлкендер» тарапынан жүйелі түрде қорқыту, психологиялық қысым көрсету және еңбекке мәжбүрлеу фактілері анықталды, - делінген ақпаратта.

 

Атап айтқанда, қайғылы оқиғаға дейінгі соңғы күндері кәмелетке толмаған жасөспірім жастар арасында «авторитет» ретінде танылған жоғарыда көрсетілген азаматтың үйінде мәжбүрлі түрде құрылыс жұмыстарын атқарған.

 

- Тергеп-тексеру нәтижесімен 2025 жылғы 5 қыркүйекте қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот талқылауы барысында сотталушылардың кінәсі толық дәлелденіп, Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 16 сәуірдегі үкімімен олар кәмелетке толмағанды өзіне-өзі өлтіруге дейін жеткізгені үшін кінәлі деп танылды. Негізгі орындаушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, ал оның кәмелетке толмаған екі сыбайласының әрқайсысына 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - деп мәлімдеді прокуратурадан.

 

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

 

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар