Қарулы күштердің әскери қызметшісі өрттегі ерлігі үшін медальмен марапатталды
- авторСадуақас Айсұлу
- 4 наурыз, 2026
- 1
Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы тау қорықшылары полкінің жауынгері 3-ші сыныпты сержант Ерғали Кенжебаев «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұдан өзге адамдарды эвакуациялауға қатысқан Тараз қаласының тұрғыны Таймырза Сейітхан да алғыс хат алды.
Жанармай бекетінде болған Ерғали Кенжебаев Жамбыл даңғылы бойындағы «Dr. Watson» мекемесінен шыққан қою түтінді байқайды. Оқиға орнына лезде жеткен әскери қызметші мекеменің жазғы жапсарлас жайынан шыққан өртті көрді. Өрт ғимараттың кіреберісін қалың түтінмен жауып, жағдайды қиындатқан.
Төтенше жағдай қызметкерлерін күтпестен және өз өміріне төнген қауіпке қарамастан Ерғали Кенжебаев түтінге оранған жертөледен баланы таза ауаға алып шықты. Қайта оралып қалған адамдарды қауіпсіз жерге шығаруға жәрдемдесті.
– Мұндай істер азаматтық жауапкершілік, жанашырлық пен қиын сәтте қол ұшын созуға әзір тұрудың айқын үлгісі, – деді Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы полковник Арман Тоқанов. – Марапатталғандардың батылдығы мен жанқиярлығы шынайы құрмет пен бағалауға тұрарлық.
Нақты қауіпті жағдайда жастар «Dr. Watson» мекемесіне келгендерді шығарып, орын алуы мүмкін зауалдың алдын алды.



