Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылғы Олимпиадаға арналған коллекциялық монета шығарды
Жаңа монета «OLYMPIC GAMES 2026. SHORT TRACK» деп аталады.
Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына орай жаңа коллекциялық монетаны таныстырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол қысқы спорт түрлерінің бірі – шорт-трекке арналған. Номиналы 1000 теңге болатын монета 925 сынамалы күмістен жасалған. Оны дайындау барысында түсті басып шығару технологиясы қолданылып, proof сапасында шығарылған. Монетаның салмағы 20 грамм, диаметрі 37 мм, ал жалпы таралымы 2000 данамен шектелген.
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында әзірленіп, немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze (MDM) нумизматика компаниясымен бірлескен жоба аясында дайындалған.
Монеталарды сатылымға шығару мерзімі туралы ақпарат кейінірек Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланатын болады.
Сонымен қатар бұл коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өз номиналдық құны бойынша төлем құралы ретінде қабылданады. Олар барлық банктерде банк шоттарына есепке алынуға, аударуға, айырбастауға және ұсақтауға жарамды.