Жаңалықтар

Қазақстан WADA-мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Қол қою рәсімі Польшаның Торунь қаласында өткен жабық ғимараттағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты аясында өтті. Құжатқа министр Ербол Мырзабосынов пен WADA президенті Витольд Банька арасындағы кездесу барысында қол қойылды.

Меморандум еліміздің таза спорт қағидаттарына берік екенін растайды, сондай-ақ Мемлекет басшысының халықаралық ынтымақтастықты дамыту және допингке қарсы саясатты жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі саналады.

Сонымен қатар тараптар 2027 жылы Астанада WADA-ның Атқарушы комитеті мен Құрылтай кеңесінің отырыстарын өткізу мүмкіндігін талқылады.

Ербол Мырзабосынов Қазақстанның адал бәсекелестік қағидаттарын ұдайы ұстанатынын және допингке қарсы білім беру жүйесін белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті.

Кездесу аясында салалық білім беру және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселесі де ерекше назарға алынды. Қазақ ұлттық спорт университеті мамандар даярлау мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңы ретінде қарастырылып, Қазақстанның Орталық Азиядағы допингке қарсы саясаттағы көшбасшылығын нығайтатын білім беру хабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал етеді.

Еске сала кетейік, өткен жылы Мемлекет басшысы WADA президенті Витольд Баньканы қабылдаған болатын. Ол агенттік президенттері ішінде Қазақстанға алғаш келгендердің бірі еді. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Витольд Баньканы II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Биылғы меморандум екіжақты ынтымақтастықтың жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді.