Қазақстанда тіркелмеген телефондар бүгіннен бастап байланыстан ажыратылуы мүмкін
Бүгін, 25 шілдеден бастап Қазақстанда міндетті верификациядан өтпеген құрылғылар байланыстан ажыратылуы мүмкін. Бұл талап барлық телефондарға қатысты емес.
Ереже телефонның сатып алынған уақыты мен шарттарына байланысты жүзеге асады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптардың қатысуымен өткен кеңейтілген жиында 25 маусымға дейін желіде белсенді болған құрылғыларды өшірмеу туралы шешім қабылданды. Яғни мұндай телефондар верификациядан өтпесе де, мобильді желілерде жұмысын жалғастыра береді.
Бұл ақпаратты Цифрлық даму министрлігі де растады. Бизнестің өтпей қалған құрылғыларды тіркеуіне арналған өтпелі кезең 25 мамырда аяқталған болатын. Ал қарапайым қолданушылар үшін телефон алғаш рет 25 маусымнан кейін желіге қосылса және тіркелмесе, ол «сұр тізімге» түседі. Бұл жағдайда иесіне құрылғыны тіркеу үшін бір ай уақыт беріледі. Егер белгіленген мерзімде тіркелмесе, құрылғы байланыстан ажыратылуы мүмкін.