Жаңалықтар

BBC Маңғыстаудың тылсым табиғатын көрсетті

BBC түсірген сюжет Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттап, елдің туристік беделін арттыруға ықпал етеді.

BBC Reel платформасында «The alien lands once hidden beneath the ocean» («Мұхит түбіне жасырынған тылсым жерлер») атты бейнеролик жарияланды. Материалда Маңғыстау өңірінің қайталанбас табиғаты мен ежелгі геологиялық тарихы кеңінен баяндалады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Бейнебаянда миллиондаған жыл бұрын ежелгі мұхит түбінде қалыптасқан үстірттер, шатқалдар мен жартастар бейнеленген. Авторлар қазіргі Батыс Қазақстан аумағы ежелгі теңіздің орнында орналасқанын атап өтіп, оның бедері басқа ғаламшар ландшафтына ұқсайтынын ерекше айтады.

Сонымен қатар материалда Маңғыстаудың мәдени және туристік әлеуеті де көрсетілген. Табиғаты, тарихы мен дәстүрі тоғысқан бұл өңір соңғы жылдары шетелдік туристердің қызығушылығын тудырып отыр.

BBC түсірген сюжет Қазақстанның табиғи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттап, елдің туристік беделін арттыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, биыл шілде айында ҚР Үкіметі 2025–2029 жылдарға арналған «Маңғыстау» туристік өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспарды бекіткен. Құжат тоғыз бағыт пен 102 іс-шараны қамтиды.

Жоспар аясында өңірдің инфрақұрылымын жетілдіру, Бозжыра, Тамшалы, Жығылған, Торыш, Шақпақ-Ата, Саура және Қызылқұп секілді табиғи нысандарға қолжетімділікті арттыру көзделген. Сондай-ақ Кендірлі курортты аймағын дамытуға баса назар аударылған.

Бейнематериалды толық нұсқада www.bbc.com сайтынан көруге болады.