Буллинг балалардың көңіл-күйін қалай өзгертеді?
Бүгінгі қоғамда қауіпсіздік мәселесі тек көшедегі тәртіппен шектелмейді. Баланың өз ортасында, әсіресе мектепте өзін қалай сезінетіні – ата-ана мен педагогты ғана емес, бүкіл қоғамды алаңдататын жайт. Соңғы жылдары елімізде де, әлемде де буллинг мәселесі жиі айтылып жүр. Мамандардың айтуынша, буллинг – баланың көңіл-күйін, мінезін, тіпті болашаққа деген көзқарасын өзгерте алатын ең қауіпті құбылыстардың бірі.
Осы ретте біз өз ортасында буллингке соқтыққан, яки ұшырасқан баланың эмоциялық күйі қалай өзгеретінін Жамбыл облысы білім басқармасына қарасты Психологиялық қолдау орталығының әдістемелік бөлім басшысы Рахат Қоныс мырзадан сұрап көрдік.
Сонымен қатар, Рахат Болтайұлының айтуынша, буллинг құрбандары арасында депрессиялық күй, сенімсіздік, өзін жалғыз сезіну сияқты мәселелер жиі кездеседі.
Айта кетейік, 2024 жылы облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының бастамасымен құрылған аталмыш орталықтың негізгі мақсаты – өңірдегі білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін қалыптастыру.
Орталықтың 2024–2025 жылдар аралығындағы атқарған жұмысының есептік баяндамасына зер салсақ, ауқымы өте үлкен. Мәселен, жасөспірімдер мен ата-аналар арасындағы депрессия белгілерінің алдын алу шараларының белсенділігін арттыру мақсатында «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбында психологиялық айлық ұйымдастырылып (2025 жылдың 20 қаңтар – 20 ақпан аралығында), түрлі іс-шаралармен 231 900 оқушы, 18 125 педагог қызметкер және 110 256 ата-ана қамтылған.
Сонымен қатар, Орталықтың ұйымдастыруымен 2025 жылдың 14 мамырында «Бала тәрбиесі: қоғам назары және отбасы құндылықтары» тақырыбында ата-аналарға арналған форум да өткізілген.
Қорытындылай келе, буллинг – жай еркелік немесе баланың уақытша реніші емес. Бұл – баланың психологиясын өзгертетін, көңіл-күйіне, дамуына және болашағына әсер ететін күрделі мәселе. Сол себепті әр ата-ана баласының мінезіндегі өзгерістерді назардан тыс қалдырмауы керек. Ал мектептердің басты міндеті – әрбір оқушы өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру. Баланың жан дүниесі – нәзік. Оны қорғау – бәріміздің ортақ борышымыз.