Дінмұхамед Қонаевты еске алу: елге қызмет еткен ұлы тұлға
2025 жылдың 24 тамызында Алматы облысы Қарасай ауданында аса көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері, үш мəрте социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған ауқымды мəдени ісшараның танымдық, тағылымдық маңызы зор болды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың елге сіңірген еңбегі біздің есімізде, келер ұрпақтың да есінде болады деп сенеміз. Дінмұхамед Ахметұлы халықтың өзіне тапсырған аманатына адал болды.
Халықтың қазына-байлығының бір түйіріне қол созбады. Біз Димаш Ахметұлының осы қасиетін ардақ тұтамыз. Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған халқы, туған жері туралы ұғымы қаншалықты қасиетті болғанын бүгінде қанша айтсақ та, қанша толғасақ та орынды.
Халқымыздың Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтай кемеңгер ұлының сөзі мен ісінде тұтас халық ардақ тұтар ғибрат бар. Онда телегей-теңіз тарих бар. Сол тарихтың таудай толқындарының үнінен ұлы тұлғаның туған халқына арнаған мына сөзі жүрекке жетіп, көңілді тербегендей болады: «Қалтқысыз қызмет етуге, аманатыңа адал болуға, адам баласына қиянат жасамауға, ала жіптен аттамауға тырыстым. Соңғы демім таусылғанша, алақаны аялы, жаны саялы елім, саған, алтын бесігім-жерім, саған қызмет етуден танбаймын. Менің жан баласына өкпем жоқ. Ал менде кеткен өкпе, реніш, наз болса, ақ басымды иіп, мың қайтара кешірім сұраймын.
Арайлап атқан əрбір таң сіздерге қуаныш əкелсін. Алдымыздан ақ жарылқап күн туа берсін, айналайын ақпейіл жұртым!» Бұл сөздерді толқымай тыңдау, тебіренбей оқу қиын. Ел иесі бола жүріп осынша кішірею, жер иесі бола жүріп осынша аласару жерін де, елін де шексіз сүйген, бүкіл саналы ғұмырын ел игілігі үшін жұмсаған, халқына қалтқысыз қызмет еткен жанның, өшпейтін жарығы, өлмейтін рухы бар адамның ғана қолынан келмек.
Осы ретте Александр Рыбниковтың: «Д.А. Қонаев – қазақ халқының ұлттық мақтанышы жəне ар-ожданы», – деген сөзі ойға оралады Басқа да болса барын айтыпты, орынды, халықтың ойындағы сөзді айтыпты.
Дінмұхамед Қонаев - өз заманының теңдесі, баламасы болмаған аса ірі саяси тұлғасы. Дінмұхамед Қонаев Қазақстанның игілігі үшін, халқының əлауқатын, тұрмыс-тіршілігін, өмірін жақсарту үшін қызмет етті. Дінмұхамед Қонаевтың тұсында Қазақстан халық шаруашылығының барлық саласы бойынша қарыштап дамыды, білімі мен ғылымы, мəдениеті, əдебиеті мен өнері шырқау биікке көтерілді, халықтың ұлттық санасы кемелденді, қоғамның интеллектуалдық əлеуеті күшейді. Дінмұхамед Қонаев Қазақстанның мемлекеттік негізін нығайтты, экономикалық қуатын арттырды, ақыл-ойын асырды, абыройын көтерді, ар-ожданын асқақтатты. Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды Асанқайғының Жерұйығына айналдырды.
Дінмұхамед Қонаев Қазақстанның стратегиялық ресурстарын көзінің қарашығындай сақтады, байытты, елге, елдің өсер өркенінің игілігіне қалдырды. Дінмұхамед Қонаев – сөнбейтін жарығы бар, өлмейтін рухы бар кісі. Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолында өшпейтін өнеге, қашпайтын қасиет бар. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атын ел есінде мəңгілік қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жарлығымен Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп атап, оны жаңадан құрылған Алматы облысының орталығы етіп бекіткенін бүгін зор құрметпен атап өтуіміз парыз. Осы тарихи шешімі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ел-жұрттың атынан, сіздердің атыңыздан, өзімнің атымнан шын жүректен рақмет айтып, ризалық білдіруге рұқсат етіңіздер! Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан тарихында қалдырған өмір жолының өнегесі қазақ халқының санасында мəңгілік жаңғырып, жарқырап тұрады. Д.А. Қонаевтың өмірі де, уақыты да тарихқа айналды. Мақтаныш тұтар тарихы бар, тарихынан алар тағылымы бар, ардақ тұтар ар-ожданы бар, Тəуелсіз мемлекеті бар қазақ халқының осы шағы баянды, келер шағы жарқын болсын! Димаш Ахметұлының аты елімен бірге жасай берсін!
Жанғара Дəдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері