Доллар құнсыздана бастады
Бұған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде мұнай бағасы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен еді.
АҚШ доллары соңғы уақытта әлсіреу үрдісін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұған Иранмен уақытша бітімнің жариялануы негізгі себептердің бірі болды. Қазіргі таңда бір доллар шамамен 464 теңге деңгейінде саудалануда. Мұндай өзгеріске мұнай бағасының күрт төмендеуі де әсер етті.
Бұған дейін Таяу Шығыстағы шиеленіс кезінде қара алтынның құны соңғы төрт жылдағы ең жоғары шекке жеткен еді. Бұл жағдай «петродоллар» факторын күшейтіп, доллардың нығаюына ықпал етті. Алайда екі аптаға созылатын бітім жарияланғаннан кейін нарықтағы ахуал өзгерді: мұнай арзандап, ал қор нарықтары керісінше өсе бастады. Соның нәтижесінде доллар бағамы төмендей түсті.
Егер келіссөздер нәтиже бермей, аймақтағы шиеленіс қайта ушығатын болса, доллар қайта күшеюі ықтимал. Ал тұрақты бейбіт келісім жасалса, керісінше, АҚШ валютасына қысым сақталуы мүмкін. Қазіргі уақытта қаржы нарықтары бітім мерзімінің нақты анықталмауына байланысты белгісіздік жағдайында тұр.