Жаңалықтар

Елімізде май өнімдері экспортының жаңа даму жоспары ұсынылды

Астанада 2026–2028 жылдарға арналған май өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасы таныстырылды.

Дөңгелек үстелге ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңдеушілер, экспорттаушылар, салалық қауымдастықтар мен халықаралық серіктестер қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  Ауыл шаруашылығы министрлігіне gov.kz  сілтеме жасап 

Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанның май саласы елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі.

Соңғы жылдары майлы дақылдар егіс алаңы екі есе артып, 3,9 млн гектарға жетті, өңдеу көлемі 12%-ға өсіп, 700 мың тоннадан асты, экспорт 29%-ға артып, 582 мың тоннаны құрады.

Мемлекет басшысының ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету және дайын өнім экспортын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Халықаралық сауда орталығы (ITC), Майлы дақылдар өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы және «QazTrade» АҚ-ның қатысуымен Жол картасы әзірленді.

Құжат саланың экспорттық әлеуетін 1 млрд долларға дейін арттыруға, өткізу нарықтарын кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнімнің терең өңделуін ынталандыруға бағытталған.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Жол картасы іс-шараларын үйлестіру және мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылын нығайту үшін мемлекеттік-жекешелік платформа құру туралы шешім қабылданды.