Елордада жас мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған форум өтті
Елорада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығының жас мұғалімдерге арналған «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» республикалық форумы өз жұмысын бастады.
Форумда еліміздің барлық өңірінен кәсіби жолын енді ғана бастаған, жаңа идеяларға ашық әрі үнемі өзін жетілдіруге ұмтылатын 300-ге жуық ауыл ұстазы бас қосты.
Қатысушыларға арнаған құттықтау лебіздерін форум мінберінен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бағдарламалар мен жобалар жөніндегі басқарушы директоры Серікбек Елшібеков, «Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры» Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Кабдыкаримова жолдады.
Ашылу барысында сөз алған НЗМ Басқарма төрағасының орынбасары Жанбота Жетілбекқызы жас мұғалімдерге артылар сенім мен үміттің зор екенін баса айтты.
Педагогикалық алаң білім беру саласының заманауи бағыттарын қамтыды. Қатысушылар инклюзивті білім беру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады. Мастер-класстарда пәндік инклюзия, геймификация элементтері, онлайн-платформалар арқылы тапсырма құрастыру, эмоциялық интеллектті дамыту және AI құралдарын тиімді пайдалану жолдары ұсынылды.
Форум аясында жас педагогтер тек тыңдаушы ғана емес, өз тәжірибесін ұсынып, кәсіби бірегейлігін таныта білді. Шығыс Қазақстан облысынан келген ағылшын тілі пәні мұғалімі Аида Қалымханова өткізген шеберлік сабағы – соның айқын көрінісі. Ол инклюзивті білім беру мен цифрлық шешімдерді үйлестіре отырып, әр оқушыға қолдау көрсетудің нақты жолдарын ұсынды.
Форумның мазмұнын байытқан ерекше сәттердің бірі – TED Talks форматындағы мотивациялық сессия болды. Онда түрлі салада жетістікке жеткен мамандар жас ұстаздарға өз тәжірибесі мен табысқа жету жолын баяндады. Спикерлер қатарында Future-IT робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нұркежанов, Орталық Азия мен Кавказ елдері бойынша мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші Азиз Искаков және «Forbes 30 Under 30» тізіміне енген математика пәні мұғалімі Евгений Солоницын болды. Олар айтқан шынайы да шабытты әңгімелер ұстаздық жолдың мәні – тек білім беру емес, сонымен бірге жүрекпен жасалатын жауапты миссия екенін айқын көрсетті.
Жиынның жарқын спикерлерінің бірі Евгений Солоницын жас педагогтерге арнаған үндеуінде жаңашылдықтан қорықпауға, тәжірибе жасап көруге және үнемі дамуға шақырды.
Айта кетейік, «Жас ұстаз: табысқа апарар жол» форумы биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл – 2022 жылдан бері НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығының табысты түрде жүзеге асырып келе жатқан жүйелі бастамасы. Жас мамандардың кәсіби қалыптасуына бағытталған платформа аз уақыт ішінде тәжірибе мен шабыт алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.