Жаңалықтар

ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ: өтінім мәртебесін енді мобильді қосымшадан көруге болады

Енді азаматтар мемлекеттік қызметке берген өтінімдерінің мәртебесін нақты уақыт режимінде көре алады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы "ЦОН" мобильді қосымшасында жаңа функцияны іске қосты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz gov4c.kz сілтеме жасап.

Өтінім мәртебесін көру үшін қолданушы қосымшадағы «ХҚКО қызметтері» немесе «Арнайы ХҚКО қызметтері» бөлімін таңдап, өтінім нөмірін енгізуі керек. Бұл жаңашылдық қызмет көрсету процесін барынша ашық етіп, азаматтарға өтінімнің қай сатыда тұрғанын және нәтижені қашан алуға болатынын нақты білуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – енді өтінім мәртебесін білу үшін ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ.

Жаңа функция азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қызметтерге деген сенімді арттырады. Әр қолданушы өз өтінімінің қаралу кезеңін көріп, кез келген өзгеріс туралы жедел хабардар бола алады.

Қосымшада сонымен бірге электронды қолхаттарды сақтау және көру мүмкіндігі іске қосылған. Бұл қолхат – өтінімнің қабылданғанын немесе қызметтің көрсетілгенін растайтын ресми құжат. Ол автоматты түрде «Тапсырыс тарихы» бөлімінде сақталады.

Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта да азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта жылдам әрі ыңғайлы түрде ұсынуға бағытталған жаңа цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастырады.