жұма, 20 ақпан, 2026 15:16

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Халықаралық ғылыми серіктестік: Торайғыров университеті мен Кембридж университеті ортақ зерттеулерге кірісті

Халықаралық ғылыми серіктестік: Торайғыров университеті мен Кембридж университеті ортақ зерттеулерге кірісті
Ғылым және жоғары білім министрлігі
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандық Ертіс өңірінің кейінгі қола дәуірі» жобасы және Еуропалық зерттеу кеңесінің DREAM (UCL) «Голоцен дәуіріндегі климаттық ауытқулар динамикасын зерттеу» халықаралық жобасы шеңберінде Торайғыров университетіне бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу үшін британдық ғалымдар келді.

Торайғыров университетінің Ә.Х.Марғұлан атындағы Археологиялық зерттеулер орталығына PhD Ребекка Робертс – University College London және University of Cambridge (Макдональд атындағы Археологиялық зерттеулер институты) ғылыми қызметкері арнайы сапармен келді. Британдық ғалымның Павлодар қаласына келуі қазақстандық ғылыми орталықтар мен Ұлыбританияның жетекші зерттеу мектептері, әсіресе археология және палеоклиматология саласында әлемдік деңгейде мойындалған Кембридж университеті арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудағы маңызды кезең болды.

Бірлескен жұмыстың негізгі мақсаты – Павлодар облысы Аққулы ауданындағы Борлы көлінен түптік шөгінділердің сынамаларын алу. Алынған үлгілер голоцен дәуіріндегі климаттық ауытқулар динамикасын қайта құруға және олардың ежелгі қауымдардың тіршілік ету жүйелеріне әсерін анықтауға мүмкіндік береді.

Кешенді талдау Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты зертханалық базасында жүргізіледі. Бұл зерттеу жұмыстарының жоғары ғылыми деңгейін және нәтижелердің халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Торайғыров университеті ғалымдарының Кембридж университеті мен Лондон университеттік колледжіндегі әріптестерімен бірлескен зерттеулері Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға, отандық ғылымды жаһандық зерттеу кеңістігіне кіріктіруге және тұрақты халықаралық ғылыми консорциумдар қалыптастыруға ықпал етеді.

Алдағы уақытта британдық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, жетекші халықаралық ғылыми журналдарда бірлескен жарияланымдар әзірлеу, ғылыми деректер алмасу және Орталық Азия археологиясы мен климатологиясы салаларында жаңа жобаларды іске асыру жоспарланған.

Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар