Жаңалықтар

Картоп бағасы тағы аспандай ма? - Министр жауап берді

Бұл сұраққа Сауда және интеграция министрлігі жауап берді.

 Қазақстанда картоп бағасының қымбаттауы күтілмейді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz  baq.kz сілтеме жасап.

Ведомство биылғы өнімнің жиналуына байланысты бағаның тұрақталатынын атап өтті. Нарықты жеткілікті қамтамасыз ету үшін картоп экспортын 2025 жылғы 31 тамызға дейін шектеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, елге 150 мың тонна картопты 2025 жылғы 30 маусымға дейін әкелуге тарифтік жеңілдік берілген.

Жалпы өнім көлемінің артуы бағаның әрі қарай өсуіне жол бермейді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, көкөніс өнімдерімен нарықты кезең-кезеңімен қамтамасыз ету бағаны тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді.

2025 жылдың басынан бері картоп бағасын негізсіз көтергені үшін дүкендер мен супермаркеттерге 6 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Барлығы 151 айыппұл рәсімделіп, 476 ескерту жасалған.

Ең жоғары орташа баға Ұлытау облысында тіркелген – 1 келісі 310 теңге. Ақпан айының соңында республика бойынша орташа баға 224 теңге болған. Кейбір супермаркеттерде ірі, сұрыпталған және қаптамасы бар картоп бағасы 350–500 теңгеге дейін жеткен.

Министрлік картоп бағасы бақылауда екенін және алдағы уақытта күрт қымбаттау болмайтынын мәлімдеді.