жексенбі, 26 сәуір, 2026 3:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Кездесіп тұруды өзіме парыз санадым»: Ербол Қарашөкеев Күләш Ахметова жайлы естелік жазды

«Кездесіп тұруды өзіме парыз санадым»: Ербол Қарашөкеев Күләш Ахметова жайлы естелік жазды
Фото: Ақәділ Рысмахан
25 сәуір – қазақ поэзиясының Ақ гүлі атанған танымал ақын Күләш Ахметованың туған күні. Егер ақынның көзі тірі болғанда биыл 80 жасқа толар еді.

Осыған орай аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, естелігімен бөлісті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

"Бүгін поэзияның ақ гүлі, сыршыл сөздің сөнбес шамшырағы – Күләш Ділдәқызы Ахметова арамызда болғанда 80 жасқа толар еді.

«Қазақты жамандама, қазақ бала,

Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана.

Мәңгілік ай астында, жер үстінде,

Қазақтың жанашыры – қазақ қана...» – деп ұлттың жанын тербеген ақын жырлары сан ұрпақтың рухани азығына айналды.

Мен үшін Күләш Ахметованың есімі – қазақтың қасиетті сөзімен егіз ұғым. Оның жүректен туған жалынды жырлары нәзік сезім мен терең ойдың, ұлт болмысы мен аналық мейірімнің айрықша үйлесімін танытады.

Ақынның әрбір өлеңі – оқырман жүрегіне жол табатын шынайылықтың, тазалықтың, парасаттың үлгісі.

Күләш апамыз тірі кезінде жиі барып, хал-жағдайын біліп, пікірлесіп тұруды өзіме парыз санадым. Сондай кездесулерде ол кісі әрдайым ақ батасын беріп, елдің амандығын тілеп отыратын. Әрбір сөзі аналық мейірімге, терең даналыққа тұнып тұратын.

Бүгінде ол күндер тек жылы естеліктер ғана болып қалды... 

Бүгінде Әулиеата өңірінің қаламгер қыз-келіншектері Күләш апамыздың сара жолын лайықты жалғастырып, өлең өлкесінде өзіндік үнін қалыптастырып келеді. Бұл – рухани сабақтастықтың, тағылымды мұраның жалғасы.

Биыл ақынның мерейтойы өңірімізде лайықты түрде атап өтіліп, тағылымды іс-шаралармен өз жалғасын табатын болады.

Ақынның жарқын бейнесі, сырлы жырлары мен кемел тұлғасы ел жадында мәңгі сақталып, уақыт өткен сайын асқақтай бермек.

Ардақты жанның жыр мұрасы ұрпақ санасында жаңғыра берсін", - деп жазды аймақ басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар