Ұландық сарбаздар асхана тағамын электронды жүйе арқылы бағалай алады
Бұл жоба сарбаздардың күнделікті тамақтану сапасын арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге, асхана жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Ұлттық ұланда сарбаздарды сапалы тамақтандыру жүйесін жетілдіру мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында құқықтық тәртіп әскерінде қолға алынған жаңа пилоттық жоба таныстырылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Дөңгелек үстелге арнайы қатысқан ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков әскери қызметшілерді сапалы тамақтандыру Ұлттық ұлан қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол жиын барысында әскердегі азық-түлікпен қамту жағдайы, асханаларды тексеру нәтижелері және өзекті мәселелер талқыланатынын айтты.
Аппараттық-бағдарламалық кешен қазіргі уақытта пилоттық режимде Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде іске қосылған. Жобаның басты ерекшелігі – сарбаздарға асханадағы тағам сапасын электронды жүйе арқылы жедел бағалауға мүмкіндік беруі. Арнайы панель арқылы берілген бағалар бірден азық-түлік жеткізуші мен басшылыққа ұсынылады.
Биылғы тамыз айына дейін жүйенің тиімділігі сараланып, оның нәтижесіне қарай өзге бөлімдерге енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Жиында сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, санитарлық талаптарды күшейту, азық-түлік жеткізушілер жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері қаралды.
Айта кетейік, бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Сондай-ақ 2 мыңнан аса сарбаз мемлекеттік маңызы бар нысандар мен ҚАЖ мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүр.