Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.

Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.

Президент шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Қазақстанның болашағы – жасампаз жастардың қолында екеніне назар аударып, ұл-қыздарымыз әрдайым үздіктер қатарынан табылатынын атап өтті.