Мемлекет басшысы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттады
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олар нағыз қазақ жауынгері рухының қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті.
Мемлекет басшысы «Томирис» қыздар құрамасының жетістігіне айрықша тоқталды.
Мемлекет басшысы арнайы жасақ қызметкерлері мен әскерилер әрдайым тәртіп пен мінсіз кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, мемлекет мүддесін қорғау үшін батыл әрекетке дайын болуы қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір еліміз ауқымды өзгерістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда Конституцияға қатысты өз таңдауын жасайтынын еске салды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінде UAE SWAT Challenge-2026 турнирінің қатысушылары Нұрсұлтан Сапаров, Дарина Билденова, Максим Бухметов және Наталья Местоева сөз сөйледі.
