Жаңалықтар

Оқушыларға мамандық таңдауға көмектесетін ЖИ агент іске қосылды

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «AI-кәсіптік бағдарлаушы» жасанды интеллект агенті таныстырылды. Аталған инновациялық цифрлық шешім мектеп оқушыларына болашақ мамандықты саналы түрде таңдауға көмектесуге бағытталған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жоба AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында ҚӨУ цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімі мамандарының инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығымен бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл бастама университеттің білім беру үдерісіне заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған стратегиялық бағытын көрсетеді.

Жобаны пилоттық енгізу С.Мәуленов атындағы гимназиясынан басталды. Аталған білім ордасының жоғары сынып оқушылары жасанды интеллект көмегімен кәсіптік бағдарлау тестілеуінен өтті.

Жүйе бұрын жеке қолданылып келген бес психологиялық және кәсіптік бағдарлау әдістемесіне негізделген. Барлық әдістемелер цифрлық форматқа бейімделіп, біртұтас зияткерлік талдау моделіне біріктірілген. Кіріктірілген деректер базасы нәтижелерді жедел өңдеп, оқушыларға қысқа уақыт ішінде қорытынды ұсынуға мүмкіндік береді.

Қосымша әдістемелер оқушының мықты жақтарын, қабілеттері мен әлеуетті даму бағыттарын анықтауға бағытталған. Нәтижесінде пайдаланушы ұсынылатын мамандықтармен қатар жеке ерекшеліктерін қамтитын кеңейтілген кәсіптік бағдарлау қорытындысын алады.

Университет өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект психолог немесе мұғалімнің орнын алмастырмайды, керісінше олардың жұмысын толықтырып, уақытты үнемдеуге және объективті талданған ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді.