Сауда министрлігі шағын бизнесті қолдауға арналған өзгерістерді талқылауға ұсынды
- авторСадуақас Айсұлу
- Бүгін, 17:48
- 26
ҚР Сауда және интеграция министрлігі ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидаларына өзгерістер енгізу жөніндегі жобаны қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Министрліктің мәліметінше, жоба шағын бизнесті практикалық тұрғыда қолдауды күшейтуге және қазақстандық өндірістің дамуын ынталандыруға бағытталған. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік бағдарлама шарттарына әсер етіп, мемлекеттік қолдау алатын кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып, қарсы міндеттемелерді күшейтуді көздейді.
Негізгі ұсыныстардың бірі – сауда нысаны үшін мемлекеттік қолдау алған, яғни несиенің сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелер бойынша кепілдік алған кәсіпкерлерге бір жыл ішінде жалдау құнын арттыруға шектеу қою. Бұл шара жалға алынған сауда алаңдарында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес пен жеке кәсіпкерлер үшін маңызды. Аталған талап шығындардың болжамдылығын қамтамасыз етіп, қызметті тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді және жалдау ақысының негізсіз өсу қаупін азайтады.
Сонымен қатар жоба аясында қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген жаңа отандық брендтердің өнімдерін сауда алаңдары мен сөрелерде жеңілдетілген шарттармен орналастыру көзделген. Бұл өндірушінің жазбаша өтініші негізінде үш айдан да ұзақ мерзімге жүзеге асырылады. Мұндай өзгерістер жаңа отандық брендтердің нарықта танылып, дамуына бастапқы мүмкіндік бермек.
Бұдан бөлек, айналым қаражатын толықтыру кезінде тауарларды, шикізат пен материалдарды қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген кәсіпкерлерден сатып алу талабы енгізіледі. Бұл шешім ішкі кооперацияны дамытуға, жергілікті жеткізу тізбектерін қолдауға және импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған.
Жалпы алғанда, ұсынылып отырған нормалар шағын бизнес мәселелерін шешуге жүйелі көзқарасты қалыптастырып, ұзақ мерзімді экономикалық тиімділікке жол ашпақ. Нәтижесінде шағын өндірушілер саны артып, отандық тауарлар ассортименті кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.
Айта кетейік, жобаны қоғамдық талқылау 20 ақпанға дейін жалғасады. ҚР Сауда және интеграция министрлігі барлық мүдделі тұлғаларды «Ашық НҚА» порталы арқылы талқылауға қатысуға шақырады.





