SDU University Орталық Азияда IB мұғалімдерін даярлауды бастаған алғашқы университет атанды
SDU University – IB мұғалімдерін даярлауды бастаған Орталық Азиядағы алғашқы университет
SDU University халықаралық International Baccalaureate (IB) бағдарламасының Primary Years Programme (PYP, 3-12 жас), Middle Years Programme (MYP, 11-16 жас) және Diploma Programme (DP, 16-19 жас) деңгейлері бойынша толық халықаралық аккредитациядан өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Университет Қазақстанда және ТМД кеңістігінде аталған үш бағдарлама бойынша бірдей аккредитация алған алғашқы жоғары оқу орны атанды. Бұл жетістік еліміздің халықаралық білім беру орталығы ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек SDU University-ге барып, ұжыммен кездесті және университеттің білім беру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бастамаларымен танысты.
Бүгінде әлем бойынша бар болғаны 55 жоғары оқу орны IB тарапынан ресми түрде IB университеті ретінде танылған. Олардың қатарында The University of Hong Kong, University of Toronto, University of Melbourne, University of South Carolina және University of Bath сияқты әлемдік деңгейдегі жетекші университеттер бар. SDU University осы беделді тізімге еніп, өңірдегі позициясын айтарлықтай нығайтты.
SDU University-де IB бағдарламалары бойынша мұғалімдер даярлау үдерісі inquiry-based learning, зерттеушілік педагогика, қалыптастырушы бағалау, сондай-ақ академиялық адалдық қағидаттарына сүйенеді. Бұл тәсіл Қазақстандағы халықаралық және жеке мектептерге жоғары білікті педагогтер даярлауға мүмкіндік береді және еліміздің білім беру жүйесінің жаһандық стандарттармен үйлесімді дамуына жағдай жасайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда ресми түрде авторизацияланған 17 IB World School жұмыс істейді. SDU University үш деңгей бойынша аккредитация алуы аталған мектептерді кәсіби мамандармен қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық педагогикалық қауымдастықтың дамуына жаңа серпін береді.