Синоптиктер ауа райына болжам жасады
Қазақстан аумағына ойысқан атмосфералық фронттардың әсерінен алдағы күндері елдің басым бөлігінде құбылмалы ауа райы сақталмақ.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, көптеген өңірлерде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын түседі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Республиканың солтүстігі, шығысы және орталық аймақтарында ауа райының қолайсыз құбылыстары күшейеді: жаяу бұрқасын соғып, жолдарда көктайғақ түзілуі мүмкін. Мұндай жағдай көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерден барынша сақтықты талап етеді.
Ал батыс өңірлерде, сондай-ақ 2–3 желтоқсан күндері елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында антициклонның ықпалы күшейіп, ауа райы тұрақталып, жауын-шашынсыз күндер күтіледі.
Синоптиктер температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер болмайтынын атап өтті. Күндізгі және түнгі көрсеткіштер климаттық нормаларға жуық деңгейде сақталады.