Жаңалықтар

Таразда Мемлекеттік рәміздер күніне орай патриоттық форум өтті

Форум соңы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, патриоттық сарындағы әндер шырқалды.Айта кетейік, мерекелік іс-шаралар облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылды.

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Мазмұны мол мерекеге орай Тараз қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты патриоттық форум ұйымдастырылды.

Тағылымды іс-шара басталмас бұрын ҚР Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Салтанатты жиынды облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Облысымызда 87 этнос өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп келеді. Бүгінгі форум осы тұтастықты, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетініне сенімім мол.
Отанға құрмет – Мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды қадірлеу арқылы өскелең ұрпаққа өнеге береміз. Өскелең ұрпақ рәміздерімізді құрметтейтін нағыз патриот, елге жанашыр болуы тиіс. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі форумның тағылымдық, тәрбиелік мәні ерекше деп есептеймін.

Ұлтымыздың жарқын болашағы – жастар. Бүгінгі жас буын – еліміздің дамуының негізгі қозғаушы күші. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасалып, оң бастамаларына қолдау көрсетілуде. Жастарымыз болашақта еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін.Барлықтарыңызды бүгінгі мерекемен тағы да құттықтаймын! Тәуелсіз еліміз жасай берсін, Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі асқақ болсын! – деді Ербол Шырақпайұлы.


Іс-шара барысында өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан және түрлі оқыс оқиға кезінде басын қатерге тігіп, адамдарды ажалдан арашалап қалған бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.Атап айтқанда, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма мүшесі – ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев, Тараз қаласындағы Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Анар Жүнісәлиева, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Лаура Сейталиева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ бейбіт күннің батыры деуге лайық бірқатар азамат облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Бекнар Сейтжапаров, 11 наурызда облыс орталығында орын алған өрт оқиғасының таралуына тосқауыл қойып, жойылуына үлес қосқан. Сол сияқты Тараз қалалық полиция басқармасы патрульдік, полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Әділет Тойжігіт 13 мамырда «Самал» ықшамауданында орын алған оқыс оқиға кезінде өрт ошағын жойып, кәмелетке толмаған 5 баланы қауіпсіз жерге алып шыққан. Тараз қалалық полиция басқармасы, патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет инспекторлары Дәурен Қолқаев пен Ералы Сансызбаев 16 мамыр күні магистральдік каналға батып кете жаздаған 2 жасар бүлдіршін Бекжан Иманәліге дер кезінде көмек көрсете білген.
Ел тыныштығы үшін басын бәйгеге тігіп жүрген азаматтардың бұл ерліктері жас ұрпаққа үлгі-өнеге екені анық. Бейбіт күннің батырлары бұл істерін ерлік емес, ел алдындағы міндетіміз деп біледі.

Сол жерге тез арада жүгіріп келіп, баланың көгеріп кеткенін, дем алмай жатқанын байқаған соң жерден көтеріп, алғашқы көмек көрсетіп, әріптесім жедел жәрдемге хабарласты.Бірақ мұны атақ-даңқ үшін жасамадық. Басты мақсатымыз – халыққа адал қызмет ету. Бүгінгі форумның маңызы зор деп білемін. Осындай жиындардың арқасында жастардың бойында партиоттық қасиет қалыптасады. Болашақта елім деген ұлтжанды ұл-қыздарымыз көп болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Көк туымыз мәңгі желбірей берсін! – дейді Дәурен Қолқаев.


Облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталғандардың қатарында «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттер қозғалысының облыстық филиалының төрағасы Дархан Байпақ та бар.