ChatGPT қосымшасын пайдалану ережелері өзгерді: енді чат-ботқа қандай сауалдар қоюға болмайды
- авторБақытжан Бекболат
- 2 қараша, 2025
- 486
OpenAI компаниясы ChatGPT қызметін пайдалану ережелерін жаңартты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Енді чат-ботты арнайы кәсіби лицензияны қажет ететін — медицина, заң және өзге де кеңес беру салаларында қолдануға болмайды.
Компанияның баспасөз қызметі мәлімдегендей, жаңа саясат жасанды интеллектіні адамның араласуынсыз шешім қабылдауға мүмкіндік беретін немесе қауіп тудыруы ықтимал жағдайларда қолдануға шектеу қояды.
«Бұл өзгерістер пайдаланушылардың қауіпсіздігін күшейтуге және жасанды интеллектіні дұрыс пайдаланбаудан келетін ықтимал зиянның алдын алуға бағытталған», — делінген OpenAI хабарламасында.
Жаңартылған ережелерге сәйкес, ChatGPT енді кәсіби сертификатсыз медициналық немесе заңгерлік кеңес беруге, жеке тұлғаларды рұқсатсыз тануға, сондай-ақ қаржы, білім немесе жұмысқа қабылдау мәселелерінде адамның қатысуынсыз шешім шығаруға болмайды. Сондай-ақ академиялық адалдықты бұзатын әрекеттерге — мысалы, студенттік жұмыстарды жасанды интеллект көмегімен дайындауға — тыйым салынды.
Бұған дейін OpenAI ChatGPT жүйесін ерекше сезімтал тақырыптарда, соның ішінде күйзеліс, этикалық таңдаулар мен психологиялық қолдау мәселелерінде қауіпсіз жұмыс істеу үшін жетілдіргенін хабарлаған.
«Біздің мақсатымыз — ChatGPT-ті барша пайдаланушылар үшін пайдалы, қауіпсіз әрі жауапты құралға айналдыру», — деді компания өкілдері.
Айта кетейік, соңғы уақытта АҚШ-та заңгердің орнына ChatGPT қолдану үрдісі күшейіп келеді. Кейбір азаматтар тіпті сот істерінде жасанды интеллект көмегімен жеңіске жеткен. Осылайша ChatGPT адвокат жалдай алмайтын немесе өзін өзі қорғағысы келетін адамдар үшін «виртуалды заң кеңесшісіне» айналып отыр.
Сонымен бірге, жасы расталған ересек пайдаланушыларға арналған ChatGPT нұсқасында мазмұн сүзгісі жеңілдетіліп, эротикалық сипаттағы контентпен өзара әрекеттесу және жеке хат алмасу мүмкіндігі енгізілетіні де хабарланды.






