жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:48

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Астанада баспанасы жоқ тұрғындарға 500 пәтер тегін берілді

Астанада баспанасы жоқ тұрғындарға 500 пәтер тегін берілді
Болат Өтемұратов қоры
Болат Өтемұратов қоры Астана қаласының әкімдігіне жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын 500 пәтерді баспанаға мұқтаж қазақстандықтарға тегін беру үшін ресми түрде табыстады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

«Баламекен» қайырымдылық жобасы аясында жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар және өзге де бюджет саласының қызметкерлері бар.

Қор берген пәтерлер «Комфорт» санатына жатады және елорданың заманауи тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Барлық тұрғын үйлер жылдам жүретін лифттермен, бет-әлпетті тану жүйесімен, жер асты автотұрақтарымен жабдықталған әрі кең аулалары бар.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек маңызды әрі дер кезінде жүзеге асқан қайырымдылық бастама үшін алғысын білдірді:

«Бұл бастама – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қоғам игілігі үшін атқарылған әріптестіктің жарқын үлгісі. Азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін Болат Өтемұратов қорына алғыс айтамыз», – деді елорда басшысы.

Жаңа пәтерге ие болған өрт сөндіруші Ерлан Шайхымов өз қуанышымен бөлісті:

«Бұл пәтер – біз үшін үлкен қуаныш. Бес баланың әкесімін, бұл бізге үлкен көмек болды. Енді болашағымызға сеніммен қарап, тыныш өмір сүруге мүмкіндік алдық. Осындай қолдау көрсеткендерге алғысымыз шексіз».

Болат Өтемұратов қорының «Баламекен» қайырымдылық жобасы 2019 жылы баспанаға мұқтаж қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған. Жоба аясында Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда және Түркістан облыстарында 1 000-ға жуық отбасы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар мен табиғи апаттан зардап шеккендер баспаналы болды.

Арайлы Жақсылық
Автор

Арайлы Жақсылық

Арайлы Жақсылық

Ұқсас жаңалықтар