сейсенбі, 9 желтоқсан, 2025 23:23

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Денсаулықты сақтайық»: Жастар салауатты өмір салтын неліктен ұстанбайды?

«Денсаулықты сақтайық»: Жастар салауатты өмір салтын неліктен ұстанбайды?
Фото: newqazaq.kz
Ұлт саулығы салауатты өмір салтын ұстанудан басталады

Бірде ұлы данышпан Сократтан «Өмірде адамға қайсысы қымбат: байлық па, атақ па?» деп сұраса, «Адамды шын бақытты ететін атақ та, байлық та емес. Ауру патшадан дені сау кедей бақыттырақ» деп жауап берген екен.

Демек, адамның бақытты болуына, ең бірінші денсаулық керек, ал денсаулықтың кепілі – салауатты өмір салтын ұстану. Конституциямызда көрсеткендей, «Мемлекеттің басты байлығы – адам» екенін ескерсек, еліміздің әрбір азаматының саулығы мемлекет үшін маңызды. Сондықтан да халықтың салауатты өмір салтын ұстануына көбірек көңіл бөлген абзал.

Ал, әрбір адамның денсаулығы оның ұстанған өмір салтына, денсаулығына қалай қарайтынына тәуелді. Сол себепті әр адам өз денсаулығына өзі жауапты. Мемлекетіміз «бұл жауапкершілік өзіңнің мойныңда» деп, халыққа ысыра салмай, салауатты өмір салтын насихаттауда біршама жұмыс атқаруда. «Ұлт саулығы – мемлекет болашағының кепілі» екенін қоғамдық ұстаным еткен ел билігі бұқаралық спортты дамытуға да көңіл бөлуде. Халықтың 30 пайызын спортпен айналысуға тарту мақсатында спорт және жаттығу алаңдары көптеп салынуда. Осы мақсатта ұлт болашағын ойлайтын мемлекет ретінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы балаларды қорғау, сапалы біліммен қамту, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайту, инфрақұрылымды дамыту мақсатында спорттық үйірмелерді көбірек ашуға басымдық беріп келеді.

Дегенмен қазіргі заманның қарқыны мен өмір салты жасөспірімдерге оңай тиіп отырған жоқ. Көпшілігі фастфудқа әуес, тәтті сусындарды шамадан тыс тұтынады, қимыл-қозғалыс аз, гаджетке тәуелділік жоғары. Бұл әдеттердің зиянын жастар кейін сезетінін түсінбейтін сияқты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінше, адам денсаулығының 50 пайызы тікелей өз өмір салтына байланысты. Бұл – жағдайдың қаншалықты маңызды екенін көрсететін айқын дәлел.
Білім беру мекемелерінің алдында тұрған міндет – жастарға тек оқулықтағы білімді ғана емес, денсаулық мәдениетін де үйрету. Әрбір ұстаз өз сабағында жасөспірімдердің дұрыс тамақтану, зиянды әдеттен аулақ болу, физикалық белсенділікті арттыру, күн тәртібін сақтау сияқты қарапайым, бірақ аса қажетті қағидаларды түсінгеніне көз жеткізуі қажет. Себебі баланың денсаулығы оның оқу үлгеріміне де, болашақ қабілетіне де тікелей әсер етеді.
Бұл мәселеге байланысты жастар мен мамандардың да пікірі әртүрлі. Мәселен, 11-сынып оқушысы Сабина спортпен айналысқысы келетінін айтады. Бірақ ҰБТ-ға дайындалып жатқандықтан спорпен айналысуға уақыт тапшы екенінде жасырмады. 

«Спортпен айналысқым келеді, бірақ күнде дайындық, тапсырмалар, қосымша сабақтар… Уақыт тапшы. Оның үстіне дұрыс тамақтануға да мән бере бермейміз, асханадағы тез дайындалатын нәрселерді ала саламыз», – дейді. Бұл пікір көп жастың шынайы жағдайын көрсетеді.

Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Ермек Сапарұлы болса, жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға келгенде шыдамсыздық танытатынын айтады. Оның сөзінше, көптеген оқушыларда бастапқы ынта болғанымен, оны ұзақ уақыт сақтап қалу қиынға соғады. 
«Жастарда қызығушылық бар, бірақ тұрақты мотивация жетіспейді. Қазіргі балалар спортпен шұғылдануды тек нәтижемен өлшейді.

«Жылдам арықтау», «тез формаға келу» деген жалған түсініктер көп. Көптеген жас балалар алғашқы бір-екі апта жігерленіп жүреді де, нәтижені бірден көрмеген соң тез шаршап, бастаған ісін тастап кетеді. Сабырсыздық пен шыдамсыздық – бүгінгі буынның ең әлсіз тұстарының бірі. Денсаулықты нығайту үшін спортты міндет ретінде емес, өмір салты ретінде қабылдау қажет», – деп ой бөліседі ұстаз.

Ұлт тарихына көз жүгіртсек, қазақ ағартушылары мен ойшылдарының барлығы дерлік денсаулық пен рухани тазалықты бірінші орынға қойған. Абайдың жан мен тән тазалығы жайлы айтқандары, А.Байтұрсынұлының «Тәні саудың – жаны сау» деген қағидасы, М.Жұмабаевтың дене тәрбиесін ерекше атап өтуі – бәрі де жас ұрпақты денсаулықты қадірлеуге шақырады.

Алайда бүгінгі жастар арасында темекі, электронды темекі, энергетикалық сусындар, фастфуд, гаджетке тәуелділік секілді қауіптер көбейіп келеді. Ұйқының жеткіліксіздігі, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау – кейін үлкен мәселеге айналатыны сөзсіз. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру – ешкім кейінге қалдыра алмайтын міндет.

«Денсаулықты сақтайық» деген үндеу – бүгінгі қоғам ғана емес, әр жас өзіне арнауы тиіс сөз. Жастар салауатты өмір салтын таңдаса, елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз.

Бөлісу:
Садуақас Айсұлу
Автор

Садуақас Айсұлу

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар