жексенбі, 8 желтоқсан, 2024 5:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

255 мың теңге: вице-министр мобильді аударымдар қай кезде бақылауға алынатынын айтты

255 мың теңге: вице-министр мобильді аударымдар қай кезде бақылауға алынатынын айтты
Сурет ашық дереккөзден алынды
Егер жеке кәсіпкерге туысқанынан бір рет 255 мың теңге немесе 1 млн теңге түссе, салық органдары оны бақылауға алмайды

Үш ай қатарынан әртүрлі адамнан 100 мобильді аударым алған және оның сомасы 255 мың теңгеден асатын жеке кәсіпкерлер бақылауға алынады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп хабарлайды jambylinfo.kz. 


Шенеунік қарапайым халықтың мобильді аударымдарын ешкім тексермейтінін атап өтті. Бұл жерде тек жеке кәсіпкерлер жайлы ғана сөз болып отыр. 


«Егер жеке кәсіпкерге үш ай қатарынан әртүрлі адамдардан 100 мобильді аударым түссе және бұл сома 255 мың теңгеден (3 ең төменгі жалақы) асып кетсе, сонда ғана жеке кәсіпкер бақылауға алынады. Яғни мобильді аударымдар жүйелі сипатқа ие болса және осы үш критерий де сәйкес келсе. Біз осындай талап қойып отырмыз. 2025 жылдың басында банктер бізге осы жылдың қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары туралы есепті ұсынады. Біз мәліметтерді алғаннан кейін, камералды бақылау жүргіземіз. Яғни әр кәсіпкерге барып, оларды тексермейміз. Тек хабарлама жолдаймыз», деді Біржанов сенат кулуарында. 


Егер жеке кәсіпкерге мобильді аударым арқылы туысынан 255 мың теңге немесе бір млн теңге түссе,  ол бақылауға алынбайды. 


«Мысалы, Сыздықов деген жеке кәсіпкер наурыз айында мобильді аударым арқылы 500 мың теңге алды делік. Менің оған еш сұрағым жоқ. Себебі бұл бір реттік аударым, оны туысы немесе досы жіберуі мүмкін», деп түсіндірді ол. 


Біржановтың айтуынша, 2023 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 1 млн 400 жеке кәсіпкердің 944 мыңы табысын нөлмен көрсеткен. Бұл 67 пайызды құрайды. Отыз пайыз салық төлеуші ғана заңды түрде салық төлеген. 


«Енді Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, бір жылдың ішінде банк карталары арқылы өткен төлемдердің айналымы 55 трлн теңгені құраған. Ал мобильді аударымдардың мөлшері 80 трлн теңгені құрады. Бұл дегеніміз, өкінішке қарай, барлық төлем бойынша салық төленбейді. Сондықтан халыққа мұны дұрыс жеткізу керек. Егер жеке кәсіпкерлер осы 80 трлн теңгеден салық төлемесе, азаматтардың жағдайы қиын болады. Қазір мобильді аударымдар бойынша хайп жүріп жатыр, бірақ шын мәнінде салық төленбей жатыр», деді Біржанов.

jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар