Пәкістан кәсіпкерлері Жамбыл облысының фермерлерінен өтпей қалған пиязды сатып алуға дайын
- авторjambylinfo.kz
- 4 сәуір, 2024
- 643
Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті хабарлап отыр. Дереккөзіне сүйенсек, 2023 жылы Қазақстанда 1,1 млн тонна пияз жиналған.
Сауда комитеті қазіргі уақытта еліміз бойынша бөлшек саудадағы пияздың орташа бағасы 99 тг/кг құрап отырғанын хабарлайды. «Алтын Орда» базарындағы пияздың көтерме бағасы сапасына орай 30-50 теңге шамасында. Сауда желілерінде - 58-ден 140 теңге/кг аралықта сатылып жатыр. Өткен жылдың желтоқсан айында Ауғанстан мен Пәкістаннан келген кәсіпкерлер Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлеріне 80 тг / кг ұсынды. Алайда фермерлер бұл ұсыныстан бас тартып, бағаның өсімін күтті. Қаңтар айында Қонаевта Алматы облысының Шеңгелді кентінің пияз өндірушілерімен кездесу өтіп, онда ауған кәсіпкерлері көп көлемдегі пиязды 40 теңгеден сатып алуды ұсынды. Десе де, тараптар баға бойынша келіспеді. Фермерлерге өнімді өткізуші үшін «Алтын Орда» базарында 100 тегін орын ұсынылды. Енді Жамбыл және Алматы өңірлерінің фермерлерінің қолындағы қомақты пиязды ескере отырып, еліміздің 4 сауда желісі пиязды тікелей өндірушілерден сатып алады.
"Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың 20 наурызынан бастап қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері экспортқа шамамен 23 мың тонна пияз жіберді. Жеткізу күн сайын жүргізілуде, қазіргі уақытта күннің жылыну және вагондармен ұзақ тасымалдау қаупіне байланысты өнім автокөлікпен жөнелтілуде. Жамбыл облысынан күніне орта есеппен 881 тонна пияз, негізінен Пәкістанға экспортталады", - деп хабарланған ақпаратта.
Тағы да 5 мың тоннаны жөнелту үшін рұқсат алу құжаты әзірленіп жатыр. Қазақстандық көкөніске Өзбекстан мен Тәжікстаннан сатып алушылар қызығушылық танытып отыр. Қазір тараптар қазақстандық кәсіпорындармен жеткізілімді ескере отырып, әлеуетті мәміленің барлық қатысушыларын қанағаттандыратын пияздың бағасы туралы келіссөздер жүргізуде.
2 сәуірдегі жағдай бойынша Жамбыл облысында сатылмаған пияз көлемі 114,7 мың тонна, Алматы облысында – 16,5 мың тонна құрайды.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз