«Қазгидромет» 17 қазан, жұма күніне арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Синоптиктердің дерегінше, жұма күні Қазақстанның көп өңірінде күн ашық әрі жауын-шашынсыз өтеді. Тек батыс және солтүстік-батыс аймақтарда атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр мен қар аралас жауын күтіледі. Кей жерлерде жел күшейіп, батыс өңірлерде тұман түсуі мүмкін.
Түнде Жетісу облысында ауа температурасы -4…-9°С дейін төмендеп, үсік жүреді. Ал Алматы облысының солтүстігі мен оңтүстігінде -1…-6°С дейін суытады, кей аумақтарда қар жауу ықтималдығы бар.
Бұдан бөлек, еліміздің бірқатар өңірінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр.
Қауіп Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Қостанай, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарының жекелеген аймақтарына тән. Әсіресе Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жамбыл мен Ақтөбе өңірлерінің кей бөліктерінде өрт қаупі ерекше жоғары.






