жұма, 5 желтоқсан, 2025 17:07

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Тараздағы Тектұрмас алабында инфроқұрылым мәселесі толық шешілді

Тараздағы Тектұрмас алабында инфроқұрылым мәселесі толық шешілді
Фото - Jambylinfo.kz
Сонымен қатар Барысхан тұрғын алабында жол төсеу жұмыстары 100 пайыз аяқталды

Бүгін Тараз қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен көне шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін зерделеу мақсатында кезекті рет баспасөз-туры ұйымдастырылды. Шара барысында қала әкімі Бақытжан Орынбеков жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне облыс орталығын көрікті ету үшін қолға алынған жүйелі жұмыстарды кеңінен таныстырып, келешекте іске асатын жобалар жөнінде мағлұмат берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Айта кетейік, біраз жылдан бері «Тектұрмас» алабындағы тұрғындар үшін көгілдір отын, ауыз су, жол, көше жарығы мен қоғамдық көлік мәселелері бас ауруға айналып үлгерді. Десе де, қазіргі таңда дәл осы проблемалар кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Мәселен, екі жыл бұрын ғана мұнда газ құбыры мен су жүйелері тартылса, өткен жылы көше бойы жарықтандырылған. Ал биыл көшелерді асфальттау жұмыстары жүзеге асырылған. Жалпы, аталған тұрғын үй алабында ұзындығы 3,689 шақырымды құрайтын 3 көше жөндеуден өткен. Құрылыстың бас мердігері – «Жамбыл ДорМостСтрой-Сервис» мекемесі. Сондай-ақ елді мекенге қатынайтын қоғамдық көліктерді жыл соңына дейін жаңарту көзделіп отыр.

Бұл күні шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы бастаған топ мүшелері «Барысхан» алабына да ат басын бұрды. Шаһар басшысының сөзінше, жергілікті билік ең бірінші кезекте ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген алабтарға айрықша көңіл бөлуде. Қазіргі күні нақ осы алабтағы 16,21 шақырымға тең бас-аяғы 24 көшеге асфальт төселген. Бұдан бөлек көшелерді жарықтандыру жұмыстары да толығымен аяқталған. Өз кезегінде барысхандықтар қала басшылығына өз ризашылығын білдірді.

 

– «Барысхан» алабындағы жолды жөндегеніне қуаныштымыз. Былтыр ойдым-ойдым болып жатқан қара жолмен балалардың да сабаққа қатынауы қиындай түскен еді. Биыл жыл басынан бері қолға алынған істің толықтай аяқталғанына дән ризамыз. Бюджеттен қаражат бөліп, халықтың жағдайын жасаған билік өкілдеріне алғысым шексіз, – деді Сүйінбай көшесінің тұрғыны Мықтыбек Тәукебаев.

 

Келесі кезекте журналистер Қарасай алабына да арнайы барып, толығымен аяқталған құрылыс-монтаж жұмыстарын көзбен көрді. Бұл күнде мұндағы 13 шақырымға созылып жатқан 11 көшеге асфальт төселген.

 Ал «Жібек жолы» ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Олжабаев аталған алабқа 2023 жылы ауыз жүйесі кіргізілсе, қазір қарасайлықтар қалалық ауыз жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті. 

«Халықтың сұранысы бойынша көшелер толықтай асфальтталды. Сонымен қатар көше бойына жарық шамдар орнатылды», – дейді ол.

 

Баспасөз туры А.Асқаров көшесіндегі құрылысы аяқталған автомобиль көпірін зерделеумен түйінделді.

Атап өтейік, бұл көпір А.Асқаров көшесі мен «Ұлы Дала» (15) мөлтек ауданын жалғайды. Ал оның ұзындығы – 61, ені – 9 метрді құрайды. Осы жылдың сәуір айында басталған көпір құрылысы қазіргі таңда толығымен аяқталып, ел игілігіне берілген. Құрылысқа жауапты мердігер – «ЖБИ-С» мекемесі.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар