Қазақстандық опера әншісі Италияда өткен байқауда топ жарды
- авторБақытжан Бекболат
- 28 шілде, 2025
- 552
Қазақстандық опера әншісі Айгерім Алтынбек Италияның Портофино қаласында өткен XI Халықаралық CLIP 2025 опера байқауында абсолютті жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол бірінші орынды иеленіп қана қоймай, бірден төрт марапатқа ие болды: көрермендер көзайымы сыйлығы (Emotion Prize), «Үздік әйел дауысы» жүлдесі, музыкалық сыншы және педагог Карло Майердің арнайы жүлдесі, сондай-ақ бас жүлде – бірінші орын.
Бұл – байқау тарихында Орталық Азиядан шыққан өнерпаздың мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізуі алғаш рет болып отыр.
Қазылар алқасының төрағасы Доменик Мейердің айтуынша, Айгерім байқау басталған сәттен бастап барлық қазылардың рейтингінде бірінші орында тұрған. Оның сөзінше, бұл өте сирек кездесетін жағдай және көрермендердің Emotion Prize сыйлығын дәл осы әншіге табыстауы әділетті шешім болғанын көрсетеді.
Биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден аса өтінім қабылданған. Соның ішінде 92 вокалист жартылай финалға өткен, ал финалда он үміткер Teatro Carlo Felice оркестрімен бірге өнер көрсеткен. Айгерім Алтынбек солардың арасынан суырылып шығып, кәсіби қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды.
«Үздік әйел дауысы» жүлдесін Чилидегі Ibáñez-Atkinson қоры табыстады. Жас вокалистерге қолдау көрсететін бұл қор алғаш рет Еуропадан тыс елден шыққан әншіге кәсіби ұсыныс жасап, оны болашақ жобаларға қатысуға шақырды.
CLIP байқауы – халықаралық деңгейде кең танылған беделді вокалдық байқаулардың бірі. Ол жыл сайын Портофино қаласында өтеді. Қазылар құрамында Вена операсы, Ла Скала, Метрополитен-опера, Глайндборн және Елисей алаңындағы театр сынды әлемдік сахналардың жетекші мамандары бар. Байқаудың финалдық концерті Италия телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі және көпшілік көрерменнің назарына ұсынылады.






