Қазақстанның қай өңірінен пәтер сатып алған тиімсіз
- авторБақытжан Бекболат
- 10 қазан, 2025
- 596
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйек айында елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 313 мәміле тіркелген. Оның ішінде 8 661-і жеке үйлерге, ал 32 652-сі көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге тиесілі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл көрсеткіш тамыз айымен салыстырғанда 0,2%-ға аз, яғни өткен айда 41 380 мәміле жасалған болатын.
Мәмілелер саны бойынша Алматы (8 859 мәміле – 21,4%), Астана (8 644 – 20,9%) және Қарағанды облысы (3 029 – 7,3%) көш бастап тұр. Ал ең аз мәміле Ұлытау облысында тіркелді – барлығы 306 мәміле (0,7%).
Аймақтар арасында тұрғын үйге сұраныстың айтарлықтай өскені Қызылорда (+20,2%), Атырау (+12,6%) және Түркістан (+9,9%) облыстарында байқалды. Керісінше, Шымкент қаласында (-10,9%), Алматы қаласында (-8,6%) және Жетісу облысында (-5,8%) мәмілелер саны төмендеді.
2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда биылғы қыркүйекте тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 4,5%-ға көбейіп, 39 543-тен 41 313-ке жетті. Мәмілелердің ең жоғары өсімі Астанада байқалып, ол 30,1%-ды құрады. Ал Батыс Қазақстан облысында керісінше 31,9%-ға азайған. Жалпы, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында тіркелген мәмілелер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артқан.
Баға көрсеткіштеріне келсек, 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 12,8%-ға, қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 10,3%-ға, ал абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 9,9%-ға өскен.
Өңірлер бойынша жаңа тұрғын үйлердің ең көп қымбаттауы Павлодар қаласында (26,4%), Қызылордада (15,3%) және Шымкентте (15,2%) байқалды. Қайталама нарықта баға өсімінің көшбасында Ақтөбе (18,9%), Павлодар (18,8%) және Алматы (17,9%) қалалары тұр. Ал жалға алу төлемі ең қатты қымбаттаған өңір – Ақтөбе қаласы (40,7%), одан кейін Көкшетау (18,7%) және Астана (18,1%).
Айлық салыстыруға сүйенсек, 2025 жылғы қыркүйекте жаңа тұрғын үйдің бағасы тамызбен салыстырғанда 2,1%-ға, пәтерлерді қайта сату 1,5%-ға, ал жалға алу құны 2,8%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасына ай сайын мониторинг жүргізеді. Бағалар облыс орталықтары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы құрылыс компаниялары мен интернеттегі хабарландырулар деректері негізінде есептеледі. Баға есебінде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлердің ұсыныстары ескеріледі.






