Биыл жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қанша адам тартылады
- авторБақытжан Бекболат
- 12 қараша, 2025
- 186
Жамбыл облысында биыл 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, жыл басынан бері 25 918 адам еңбекпен қамтылған. Ал 28 912 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.
– Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында биылғы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 49041 орын болып белгіленген болатын. Жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру арқылы қазіргі уақытта 22753 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жоспар 31859 адамды құрап, нақты орналасқаны 8330 адамға жетті, – деді Еркін Егембердіұлы.
Биыл Жұмысшы мамандықтары жылына байланысты министрлік тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» іс-шаралары мамыр айынан бастап жүргізіліп келеді. Өтінімдер қабылдау маусым айынан бастап жүргізілуіне орай саладағы көрсеткіштер төмен қалыптасқан. Басқарма басшының сөзінше өтінімдегі барлық жұмыс орындары жыл қорытындысымен жұмысшылармен қамтылмақ.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша 12534 жұмыс орнын құру жоспары бекітіліп, қазіргі уақытта салық органдарынан алынған жүктемеге сәйкес, 2222 жұмыс орны құрылды. Осылайша, жалпы жоспар 17,7 пайызға орындалды. Бұдан бөлек электронды еңбек биржасында облысымызда биылғы жылы 192 жоба бойынша 2732 жұмыс орынын құру жоспарланған. Есепті кезеңде 98 жоба электронды еңбек биржасына енгізіліп, 442 азамат жұмысқа орналастырылды, – деді Еркін Келесов.
Сонымен қатар, өңірде 98 жоба электронды еңбек биржасына енгізіліп, 442 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Бүгінде 501 адамға қайтарымсыз грант берілді. Олардың қатарында: 309 көпбалалы ана, 108 мүмкіндігі шектеулі азамат, 46 мүгедек бала тәрбиелеуші, 26 асыраушысынан айырылған жан, 10 АӘК алушы және 2 қандас бар.
2025 жылдың соңына дейін тағы 500-ден аса адамның кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету көзделіп отыр.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен облысымызда 1 315 азаматты қамту жоспарланған, бүгінде көзделген меже 579 адамға жетіп, олардың барлығы оқуға тартылған.
2025 жылдың 1 шілдесіндегі мәліметке сәйкес 3 408 отбасындағы 18 705 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Биылғы алты айдағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 933 адамға азайған.
Сонымен бірге АӘК алушы отбасылардағы 1-6 жас аралығындағы 5 848 балаға ай сайынғы төлемдер жүргізілді.
Аталған басқарма басшысы Еркін Келесовтың айтуынша, ішінара зерделеу барысында 96 отбасы атаулы әлеуметтік көмек заң талаптарын бұза отырып тағайындалғаны белгілі болды.






