Үкімет: Қазақстанда әлеуметтік өнімдердің бағасы ЕАЭО елдерінен төмен
- авторБақытжан Бекболат
- 8 шілде, 2025
- 625
Бұл дерек Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен алғашқы жартыжылдықтағы инфляция қорытындылары талқыланған жиында айтылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
ЕАЭО елдеріндегі нарықтық бағаларға жасалған салыстырмалы талдау Қазақстанның мынадай көрсеткіштерге ие екенін көрсетті:
Тауық жұмыртқасы, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, орамжапырақ, пияз және сәбіз – ең арзан баға Қазақстанда;
Қарақұмық, қант, сиыр еті мен сүт – Беларусьтен кейінгі екінші орында;
Сары май – Беларусь пен Қырғызстаннан кейінгі үшінші орында;
Құс еті – Беларусь және Ресейден кейінгі үшінші орында.
Онда айтылғандай, ерте піскен өнімді жаппай жинау басталысымен, алдын ала күтілгендей, әлеуметтік маңызы бар көкөністер бағасының өсуі тоқтап қана қоймай, төмендей бастаған.
Мәселен, сәуір айында әлеуметтік азық-түлік индексі 1,6% болса, мамырда өсім 1%-ға дейін, ал маусымда 0,7%-ға дейін төмендеген. Соңғы аптада баға өсімі небәрі 0,1% болды. Үш апта қатарынан картоп арзандап жатыр – 1,3%-ға. Өткен аптадан бастап сәбіздің бағасы да төмендей бастады – 0,9%-ға. Сондай-ақ, күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макарон да арзандауда. Нан мен сүттің бағасы тұрақты күйде.
Айта кетейік, 2025 жылдың 5 айында оның көлемі 10,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде ең көп өсімді қызылша қанты (4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін), өсімдік майы (316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін), сары май (13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін), ұн (1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері (102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін), өңделген сүт (264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін) және тағы басқалары көрсетті.






