Жамбыл облысында 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды
- авторБақытжан Бекболат
- 8 шілде, 2025
- 532
Облыстық "Жастар ресурстық орталығы" Тараз қаласындағы Астана шағынауданы №26 тұрғын үй аумағында «Таза аула» экологиялық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шара барысында жастар тұрғындармен бірге аулаларды тазалап, қоршаған ортаны күтіп ұстауға үлес қосты.
«Табиғатты қорғау, ел аумағындағы елді мекендерді абаттандыру және экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы облысымызда кең көлемде жүзеге асуда. Қаланың тыныс-тіршілігіне серпін беріп жүрген жастар қоршаған ортаның жай-күйіне бейжай қарамайтынын осылай дәлелдеп жүр. Олардың мақсаты – тек сенбілік өткізу емес, қоғамға, әсіресе жас буынға үлгі көрсету. Сондықтан, мұндай бастамаларға үлес қосу – мен үшін құр міндет емес, жүрек қалауы,» – деді белсенді жас М. Мырзатай.
Мұндай игі бастамалар облыстың барлық аудандарында да қолдау тапты. Атап айтқанда, Жуалы ауданының Б. Момышұлы ауылында және Талас ауданының Қаратау қаласындағы орталық саябақта «Таза Like» акциясы ұйымдастырылды. Ал Мойынқұм ауданында «Жаз Ата» саябағында, Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы жастар аллеясында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, Жамбыл облысында тұрғындар «Таза Қазақстан» акциясы аясында жергілікті атқарушы органдарға телеграм-бот арқылы өтінім бере алады. Жыл басынан бері ақпараттық сервис арқылы 259 өтінім түскен. Өтінімдердің басым бөлігі күл-қоқысты тазалау мәселесіне қатысты болса, бірқатары көшелерге асфальт төсеу мен жолдарды тазалауға байланысты болды.
Жалпы, акцияға 106 мыңнан астам адам, 60 ірі кәсіпорын және 400-ден аса шағын бизнес өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында 30 тарихи-мәдени ескерткіш, 79,2 мың тұрғын үй ауласы, 2,7 мың шақырым көше жолы, 803,8 шақырым арықтар мен каналдар және 641,1 мың шаршы метр саябақтар мен скверлер аумағы тазартылды. Нәтижесінде 6,1 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.






