Нұрлыбек Нәлібаев: Қызылорда облысында үш ауысымды оқыту мәселесі түбегейлі шешілді
- авторБақытжан Бекболат
- 29 тамыз, 2025
- 612
Қызылорда қаласында Конституция күні қарсаңында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі жаңа білім ордасы ашылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Салтанатты шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен қала тұрғындары қатысты.
Ең ірі мектеп – «Арай» шағын ауданында
Қаланың ең тығыз қоныстанған аумақтарының бірі – «Арай» шағын ауданында 1500 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – Қызылордадағы ең ірі білім ошағы. Жаңа нысан сыныптардағы артық жүктемені азайтып, балаларға қолайлы ортада сапалы білім алуға мүмкіндік жасайды.
Сонымен қатар «Қызылжарма» шағын ауданында 900 орындық мектеп ашылды. Ол ескі ғимараттың орнына салынып, заманауи стандарттарға сай жабдықталған.
Үш ауысымды оқытуға нүкте қойылды
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, бұл жобалардың арқасында Қызылорда үш ауысымды оқыту мәселесін толық жойған аймақтардың қатарына енді. Бұған дейін мұндай нәтижеге Шымкент қаласы мен Ақмола облысы жеткен болатын.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы екі жылда елімізде үш ауысымды мектептердің саны үш есеге қысқарғанын атап өтті:
«Бүгінде шамамен 3 мың мектеп бір ауысымда, 5 мыңға жуық мектеп екі ауысымда жұмыс істейді. Мұндай нәтижеге мемлекет тарапынан жаңа мектептер құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ауқымды шаралардың арқасында қол жеткізіліп отыр. 2025–2026 оқу жылдары 267 мың орынға арналған 232 жаңа мектептің құрылысы жоспарланған. Сонымен бірге мектептерді жаңғырту бойынша реновациядан өткізу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл бұл бағдарлама 190 мың оқушы білім алатын 245 мектепті қамтиды», – деді министр.
Жаңа форматтағы білім кеңістігі
Ашылған мектептер инновациялық үлгіде жабдықталған. Оқушылар үшін STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография және спорт залдары, медициналық пункттер қарастырылған. Инклюзивті білім беру мен балалардың қауіпсіздігіне де басымдық берілген.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында сегіз «жайлы мектеп» жұмыс істейді. Оның екеуі осы аптада ашылса, тағы екеуі жаңа оқу жылы басталғанға дейін оқушыларды қабылдайды.
Жалпы, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде 217 жаңа білім беру ұйымы салынып, 460 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланып отыр.






