Зейнетақы үш ай пайдаланылмаса, төлем тоқтайды: бұл норма күшінде қала ма
- авторБақытжан Бекболат
- 29 шілде, 2025
- 544
Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты департаменттің өкілі Баян Хасенова жауап берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұған дейін министрлік әлеуметтік кодекстің 204-бабы 1-тармағына сілтеме жасап, зейнет жасына байланысты және базалық зейнетақы төлемдері тоқтатылатынын мәлімдеген еді. Себебі үш айдан аса уақыт бойы алушының банк шотында ешқандай қозғалыс болмаған жағдайда төлемдер уақытша тоқтатылады.
Баян Хасенованың айтуынша, бұл норманы алып тастау әзірге жоспарланып отырған жоқ.
«Қазір қолданыстағы заңнама бойынша, егер адам біраз уақыт бойы елден тыс жерде болса немесе басқа да себептермен зейнетақысын алмай, өзге әрекет жасамаса, төлемдер уақытша тоқтатылады. Бұл зейнетақыдан мүлде айырылады деген сөз емес – тек мән-жайды анықтағанша кідіртеміз. Қазіргі таңда бұл нормаға қатысты өзгеріс енгізу қарастырылып жатқан жоқ», – деді ол үкіметтегі брифингте.






