Жаңбыр, қар, аяз: ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 08:34
- 331
Ведомствоның дерегіне сәйкес, республика бойынша 20-дан астам жол бөлігінде қозғалыс уақытша тоқтатылған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Атап айтқанда, Абай, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында көлік қозғалысына шектеулер қойылған.
ІІМ өкілдері жүргізушілерге ауа райы жағдайын ескере отырып жылдамдықты реттеу, алдыңғы көлікпен арақашықтықты сақтау, қажет болған жағдайда апаттық белгі шамдарын жағу керектігін ескертеді. Сондай-ақ күрделі метеожағдай кезінде артық маневр жасаудан және жолақ ауыстырудан бас тарту ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шығуды кейінге қалдырған дұрыс. Егер сапарды шегеру мүмкін болмаса, бағытты алдын ала жоспарлап, көліктің техникалық жай-күйін мұқият тексеру қажет. Уақтылы қабылданған сақтық шаралары жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға сеп болады.
Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігі әрбір адамның жеке жауапкершілігі екенін тағы да еске салды.





