жұма, 5 желтоқсан, 2025 15:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылдық кәсіпкер Президент қолынан марапат алды

Жамбылдық кәсіпкер Президент қолынан марапат алды
Ашық дереккөз
Форумда аграрлық сектордағы өзекті мәселелер талқыланып, еңбек озаттарына айрықша құрмет көрсетілді.

Бүгін Астанада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Дәстүрлі жиынға 2 мыңнан астам адам, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, инвесторлар, ардагерлер, сондай-ақ аграрлық сала мамандықтарында оқып жатқан студенттер қатысты. Форумда аграрлық сектордағы өзекті мәселелер талқыланып, еңбек озаттарына айрықша құрмет көрсетілді.

Форумда Жұмысшы мамандықтары жылы аясында еңбек адамдарына ерекше назар аударылып, бір топ азаматқа Мемлекет басшысы марапаттар тапсырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік наградаларға ие болды.

Атап айтқанда, бір адам – «Парасат» орденінің кавалері атанды. Саланың 6 өкілі «Құрмет» орденін, бір азамат II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, ал 10 еңбеккер III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленді. Сонымен қатар 6 адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Бүгінгі іс-шараның тағы бір маңызды тұсы – «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы алғаш рет табысталды. Бұл ерекше атақ ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа берілді.                                                         

Марапат иелерінің қатарында Жамбыл облысы, Жуалы ауданының тумасы, «Ali-Ko Sut 2023» ЖШС директоры - Мұратбек Нысанов та бар. Ол сүт және ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы айтарлықтай еңбегі, «Ali-Ko Sut 2023» ЖШС мен «Береке» ауыл шаруашылығы кооперативін тиімді басқарғаны үшін, еңбек өнімділігін арттыру және заманауи технологиялар мен техникаларды енгізудегі белсенді қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, ол жас мамандарға тәжірибесін үйретіп, саланың білікті кадрларын даярлауға үлес қосып келеді.              

Ақордадан марапат алып шыққан Мұратбек Нысанов өз әсерімен бөлісті:      

"Мемлекет басшысының қолынан марапат алу — мен үшін үлкен құрмет болды. Бұл орден менің ғана емес, Жуалыдағы әріптестерімнің, ұжымның еңбегіне берілген жоғары баға деп білем. 

Ауыл шаруашылығы — ел қауіпсіздігінің тірегі. Біз сүт өндірісін дамытуда да, жаңа технологияларды енгізуде де тоқтаусыз еңбек етіп келеміз. Президенттің сенімі — бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Енді бұдан да жоғары нәтижелер көрсетуге міндеттіміз.

Жас мамандарды тәрбиелеу, тәжірибе бөлісу — менің парызым. Салаға жаңа серпін әкелетін білімді жастарды дайындау арқылы ауылдың ертеңін қалыптастырамыз. Бұл марапат бізге ары қарай да табандылықпен еңбек етуге күш береді", - деді ол қуанышын жасыра алмай.

Сондай-ақ ол өз сөзінде бұл марапат жалғыз өзіне ғана емес, кіл жамбылдық қарапайым жұмысшыларға көрсетілген үлкен құрмет екенін атап өтіп, қуанышымен бөлісті. 

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар