Қазақ поэзиясының ақ гүлі - Күләш Ахметова өмірден озды
- авторБақытжан Бекболат
- 14 қараша, 2025
- 509
Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова 80 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген.
Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУді тамамдаған.
Еңбек жолын Үшарал медицина пунктінің меңгерушісі болып бастап, кейін журналистика саласында жұмыс істеді. Талас аудандық «Ленин жолы» газетінде, 1973–1977 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер және бөлім меңгерушісі болып, 1977–1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болып қызмет атқарды.
Күләш Ахметова қазақ поэзиясына мазмұны терең, лирикалық және азаматтық сипаты айқын көптеген шығармалар қалдырды.
Оның еңбегі жоғары бағаланып, 1978 жылы «Сен менің бақытымсың» кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын, 2006 жылы «Құт» жинағы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын, «Болашақ» поэмасы үшін К.Симонов атындағы халықаралық сыйлықты алды.
Күләш Ахметова 2006 жылы «Құрмет» орденімен, 2017 жылы «Парасат» орденімен марапатталды. Сонымен бірге ҚР Тұңғыш Президентінің әдебиет саласындағы мемлекеттік және президенттік стипендияларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Жамбыл облысының көптеген мерекелік медальдары мен Алғыс хаттарының иегері болды. Ол Жамбыл облысының құрметті азаматы атанды.
Күләш Ахметованың жырлары қазақ әдебиетінің шоқтығы биік шығармалары ретінде ерекше бағаланады. Әдеби орта мен өлең сүйер қауымның жадында “қазақ поэзиясының ақ гүлі” атанған ақынның шығармашылық мұрасы мен еңбегі ел есінде мәңгі сақталады.






