Ертең Путин мен Трамп кездеседі: Әлем бұл жүздесуден не күтеді?
- авторАрайлы Жақсылық
- 15 тамыз, 2025
- 765
Сарапшылардың айтуынша, Ресей басшысы қазірдің өзінде өз мақсатына жетіп, әлемдік сахнада дипломатиялық тұрғыдан қайта мойындалып үлгерді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ал АҚШ президентінің бұл келіссөздер барысында нені көздейтінін болжау қиын. Себебі екеуінің бір-біріне қайшы келетін мәлімдемелері мен әрекеттеріне байланысты жағдай күрделене түсуі мүмкін.
Трамп Путинді Аляскадағы ең ірі қала, шамамен 300 мың тұрғыны бар Анкоридж қаласында орналасқан Элмендорф-Ричардсон әскери базасында қабылдайды.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың мәлімдеуінше, келіссөздер Мәскеу уақытымен 22:30-да басталады. Әуелі Путин мен Трамп бетпе-бет кездеседі, ары қарай кездесу «беске бес» форматы бойынша делегациялар құрамымен жалғасады.
Ресей делегациясының құрамына Ушаковпен бірге Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қорғаныс министрі Андрей Белоусов, Қаржы министрі Антон Силуанов және президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев кірді.
Ал Стамбулдағы кездесулерде Ресей делегациясын басқарған президент көмекшісі Владимир Мединский бұл жолғы келіссөздер құрамында болмайды.






