Иранның жаңа көшбасшысы ауыр жағдайда жатыр – The Times
- авторБақытжан Бекболат
- Бүгін, 15:32
- 68
Британдық басылымының хабарлауынша, Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып сайланған Моджтаба Хаменеи ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол Қом қаласында ем қабылдап жатқан көрінеді.
Дереккөздерге сүйенген дипломатиялық жазбада оның ес-түссіз күйде екені және мемлекеттік шешімдер қабылдауға қабілетсіз болуы мүмкін екені айтылған.
Құжатта Моджтаба Хаменеидің қазіргі жағдайына байланысты ел басқару үдерісіне қатыса алмай отырғаны көрсетілген.
Сондай-ақ Қом қаласында бұрынғы жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеиді жерлеу рәсіміне дайындық жүріп жатқаны хабарланған. Бұл қала Ирандағы шиит мұсылмандары үшін қасиетті орталықтардың бірі саналады.
Бұдан бөлек, аталған құжатта Қомда ірі мавзолей құрылысы басталғаны айтылады. Онда Әли Хаменеи мен оның қаза тапқан жақындары жерленуі мүмкін деген болжам бар. Кейбір деректерде бұл орынға Моджтаба Хаменеи де жерленуі ықтимал екені айтылған.
Айта кетейік, Иранның жоғарғы көсемі болған аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен операциясы кезінде қаза тапқан болатын. Онымен бірге оның отбасының бірнеше мүшесі де көз жұмған.
Ал, 9 наурыз күні Иранның Басшылар кеңесі Моджтаба Хаменеиді елдің жаңа жоғарғы көшбасшысы ретінде жариялаған болатын. Алайда содан бері ол көпшілік алдына шықпаған және оның жағдайы туралы ресми ақпарат берілмеген.






