АҚШ-тың Бас консулы Түркістанның әлеуетіне жоғары баға берді
- авторБақытжан Бекболат
- 16 қыркүйек, 2025
- 390
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстандағы АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркинмен ресми кездесу өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жиында экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар туризм мен білім беру салаларындағы әріптестікті дамыту жөнінде пікір алмасты.
Әкім америкалық компаниялардың өңірде ұзақ мерзімді және тиімді жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Ол облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары мен инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерді таныстырды. Атап айтқанда, жалпы аумағы 4 мың гектар болатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының артықшылықтары, салықтық жеңілдіктер мен инфрақұрылымдық қолдау тетіктері таныстырылды. Сонымен бірге шағын индустриялық парктер мен кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайлар атап өтілді. Қазір облыста 20 индустриялық аймақ жұмыс істеп тұр.
Нұралхан Көшеров Түркістанның Жібек жолындағы маңызды орталық әрі елдің экономикалық өсімінің драйвері екенін атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілді. Бұл шешім туризмді дамытуға, инвестиция тартуға және тарихи-мәдени мұраны сақтауға мүмкіндік ашты. Әкім агроөнеркәсіп, терең өңдеу, білім беру, туризм және жер қойнауын пайдалану салалары негізгі инвестициялық бағыттар екенін айтты.
Өңір басшысы облыстың табиғи ресурстарға бай екенін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен ет экспорты бойынша елде алдыңғы орында тұрғанын жеткізді. Республикадағы сиыр еті экспортының 80%-ы, қой еті экспортының 75%-ы Түркістан облысына тиесілі.
АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин көрсетілген қонақжайлық үшін алғыс айтып, Түркістанды ынтымақтастықты дамытудағы маңызды өңір деп атады. Ол туризм, тарихи-мәдени мұра және білім саласындағы жобаларға қызығушылық танытты. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.
Бүгінде Түркістан облысы – Қазақстандағы ең тартымды туристік бағыттардың бірі. Мұнда тарихи ескерткіштер, табиғи көрікті жерлер мен заманауи сауықтыру кешендері бар. Түркістан халықаралық әуежайы жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді.






