Аден шығанағында босқындар мінген қайық апатқа ұшырады: 68 адам көз жұмды
- авторБақытжан Бекболат
- 4 тамыз, 2025
- 458
БҰҰ-ның Йемендегі Халықаралық көші-қон ұйымының жетекшісі Абдусаттор Эсоевтың айтуынша, қайғылы оқиға 3 тамыз, жексенбі күні болған, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
154 адам мінген қайық Аден шығанағында, елдің оңтүстігіндегі Абьян провинциясы маңында суға кеткен.
Қайтыс болғандардың 54-інің денесін теңіз Ханфар ауданындағы жағалауға шығарып тастаған, тағы 14 адамның мәйіті табылып, провинция орталығы Зинджибар қаласындағы мәйітханаға жеткізілген.
Апаттан тек 12 адам тірі қалған. Қалғандары із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Бұл – Йемен жағалауында орын алған алғашқы қайғылы жағдай емес. Ел Шығыс Африкадан шығып, Парсы шығанағына жетуді көздеген мигранттар үшін негізгі бағыттардың бірі саналады. Жүздеген адам жол үстінде көз жұмады.
2025 жылдың наурызында да осындай апат тіркеліп, төрт қайық суға кетіп, 2 адам қаза тауып, 186 адам жоғалған болатын.






