сәрсенбі, 11 ақпан, 2026 19:55

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Елімізде газбен жүретін көліктерге қатысты жаңа тиым енгізілмек

Елімізде газбен жүретін көліктерге қатысты жаңа тиым енгізілмек
Canva
Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді

Қазақстанда көгілдір отынды тиімді әрі ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында жаңа заңнамалық өзгерістер қолға алынды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Мәжіліс газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Өзгерістер «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізілмек.

Газ саласындағы ашықтық пен цифрландыру күшейеді

Заң жобасында ішкі нарықтағы газ айналымын есепке алуды цифрландыруға және оның ашықтығын арттыруға ерекше назар аударылған. Бұл қадам көгілдір отын қозғалысын нақты бақылауға, көлеңкелі айналымның алдын алуға және ресурсты әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жеке газ таратушы ұйымдардың қызметін мемлекеттік реттеу тетіктері жетілдіріліп, тариф қалыптастыру жүйесі жаңартылмақ. Газдандыру жобаларын іске асыру барысында ұлттық оператордың бақылау функциялары күшейтіледі.

Түзетулер аясында магистральдық газ құбырларына бір мезгілде екі немесе одан да көп газ таратушы ұйымның қосылуына тыйым салынады. Бұл жүйедегі ретсіздікті жойып, техникалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Сондай-ақ магистральдық құбырларға тікелей қосылу талаптары нақты белгіленеді.

Бұдан бөлек, газ тарату жүйесінің жекелеген нысандарын жеке инвесторлардың салуына мүмкіндік беріледі. Құрылыс шығындары өтелгеннен кейін бұл нысандар газ таратушы ұйымдардың меншігіне беріледі.

Тұрмыстық тұтыну нормалары енгізіледі

Заң жобасында «коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы» мен «өнеркәсіптік тұтынушы» ұғымдарын нақты ажырату көзделіп отыр. Бұл газды бөлу мен тарифтік саясатты әділ жүргізуге негіз болады.

Энергетика министрлігінің қағидаларына сәйкес, барлық тұрмыстық тұтынушылар үшін тауарлық газды тұтыну нормаларын жергілікті атқарушы органдар бекітетін болады. Бұл шара халықты газды үнемдеп пайдалануға ынталандыруға бағытталған.

Сондай-ақ ұлттық операторға мемлекеттік бюджет есебінен салынатын газ құбырларының жобаларын келісу және олардың құрылысын бақылау міндеті жүктеледі. Бюджет қаражаты есебінен салынған газ құбырлары әкімдіктерден ұлттық операторға тікелей берілетін болады.

Автогаз құю стансаларындағы қауіпсіздік күшейтіледі

Газ құю стансаларындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жергілікті атқарушы органдарға автогаз құю стансаларының шекті санын белгілеу құзыреті беріледі.

Жаңа талаптарға сәйкес, жаңадан ашылатын автогаз құю стансалары ауқымды ыдыстарды жер астына орналастыруға міндеттеледі. Ал жұмыс істеп тұрған стансалар 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін осы талапқа сәйкес қайта жабдықталуы тиіс.

Сонымен қатар, көлік құралдары мен тұрмыстық газ баллондарын заңнамада белгіленбеген орындарда толтыруға тыйым салынады.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар