жұма, 27 наурыз, 2026 23:32

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Түркістан облысында төрт жаңа су қоймасын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр

Түркістан облысында төрт жаңа су қоймасын салу жобасы жүзеге асырылып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрлігі
Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ордабасы ауданында Түркістан облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, алдағы вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

2028 жылға дейінгі су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға сәйкес, Түркістан облысында төрт жаңа су қоймасын салу көзделген. Қазіргі таңда «Бәйдібек ата» және «Қарақуыc» су қоймаларының құрылысы аяқталуға жақын. Ал «Иқан-су» және «Боралдай» су қоймаларының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Сондай-ақ құжатта үш су қоймасын қайта жаңғырту және тағы үш нысанның инженерлік-техникалық қорғанысын күшейту қарастырылған. Бұдан бөлек, 15 коммуналдық су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 40 гидротехникалық нысанға кешенді тексеру жүргізу жоспарланған.

Өңірде ирригациялық каналдарды жөндеу және реконструкциялау бойынша төрт жоба аяқталды. Соның нәтижесінде 24,5 мың гектардан астам суармалы жер сумен қамтамасыз етілді. Ал жыл басынан бастап Қазақстанның оңтүстік облыстарында 115 каналды жаңғырту және 103 каналды автоматтандыру жұмысы басталды.

«Соңғы жылдары біз климаттың тұрақты өзгеру үрдісін айқын байқап жүрміз. Бұл ауыл шаруашылығына да, жалпы су балансына да елеулі әсер етеді. Былтырғы вегетация кезеңі аграрлық сектордың тиімділігі су ресурстарын қаншалықты дұрыс және жауапкершілікпен басқаруға байланысты екенін көрсетті. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, су саласын дамытудың жүйелі тәсілін де талап етеді. Сондықтан біздің жұмыстың басым бағыттарының бірі - су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар су пайдаланудың тиімділігін арттыруға және судың шығынын азайтуға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Министр сондай-ақ жиынға қатысушыларға шаруаларды қолдау үшін қабылданған шараларды да еске салды. Су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру мақсатында ұңғымалар бұрғылау, инфрақұрылым жүргізу және жабдық сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылған.

Бұл шаралар нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі үш есеге артып, 543,5 мың гектарға жетті. Түркістан облысында қосымша 82 мың гектар жерге заманауи суару жүйелері енгізіліп, 124,5 млн текше метр су үнемделді.

Елімізде ирригациялық кондоминиумдар институты заң жүзінде бекітілді. Оның негізгі мақсаты – ирригациялық және коллекторлы-дренаждық желілерді тиісті техникалық жағдайда ұстау.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында министрлік Бас прокуратурамен бірлесіп судың «қара нарығын» жоюға бағытталған Жол картасын қабылдады. Құжатта су ресурстарына аудит жүргізу, заңсыз су алудың тәуекел аймақтарын анықтау, қаржыны тексеру, су үнемдеу технологияларын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қарастырылған.

Кездесуде Түркістан облысының тұрғындары ирригациялық каналдарды тазалау және бетондау, бұлақтарды қалпына келтіру, тік дренаж ұңғымаларын жөндеу және су үнемдеуді субсидиялау мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке қабылдап, барлық көтерілген мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бақытжан Бекболат
Автор

Бақытжан Бекболат

Бақытжан Бекболат

Ұқсас жаңалықтар