жұма, 27 наурыз, 2026 21:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Жамбылда психологтарға арналған ауқымды форум өтті

Жамбылда психологтарға арналған ауқымды форум өтті
Фото - Jambylinfo.kz
Форумға еліміздің жетекші сарапшылары, психологтар, ғалымдар, педагогтер және мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.

Жамбылда «Цифрлық ұрпақтың психологиясы: гаджет, стресс және ішкі жалғыздық» тақырыбында республикалық форум өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Іс-шараны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, цифрлық дәуірдің артықшылықтарымен қатар, оның сын-қатерлеріне де тоқталды.

– Біз өмір сүріп отырған дәуір – технологиялардың ғасыры. Смартфондар мен әлеуметтік желілер бүгінгі жас ұрпақ өмірінің бір бөлшегіне айналды. Олар жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Алайда осы мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіптер де пайда болды. Бүгін біз жастар арасында жиі кездесетін стресс, ақпараттық шаршау, шынайы қарым-қатынастың азаюы және ішкі жалғыздық мәселелерін ашық талқылау үшін жиналып отырмыз. Бұл форум – қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді бірлесе талқылайтын маңызды алаң, – деді Серік Жақсылықұлы.

Форум барысында Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева тікелей эфир арқылы қосылып, өңірдегі өзекті мәселелер мен нақты деректерді мәлім етті.
Жиында «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының бірінші вице-президенті Салтанат Ахметова «Цифрлық дәуірдегі бала: гаджет пен жалғыздықтың арасында – қауіп пе, әлде мүмкіндік пе?» тақырыбында баяндама жасап, жаңа буынның психологиялық ахуалына терең талдау жасады.
Ал Дүниежүзілік психиатриялық қауымдастықтың Шығыс Еуропа елдері бойынша өкілі, PhD, MBA дәрежесінің иегері, дәрігер-психиатр Николай Негай «Балалық шақтағы жарақаттан цифрлық шешімдерге дейін: психикалық денсаулық мәселелерінің алдын алудағы жаңа парадигма» тақырыбында халықаралық тәжірибелермен бөлісті.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы, суицидолог Ринат Музафаров «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу: анықтау және көмек көрсету алгоритмдері» тақырыбында баяндама жасап, маңызды мәселелерге тоқталды.
Форумда заманауи технологиялардың мүмкіндіктері де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, WEGLOBAL.AI платформасының құрылтайшысы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев жасанды интеллект арқылы психологиялық қауіптерді ерте анықтау жолдары туралы баяндама жасады.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, бала қауіпсіздігі бойынша тренер Жұлдыз Ускенбаева «Сандық әлемдегі жасөспірім: жаңа психологиялық ақиқат» тақырыбында сөз сөйлеп, қазіргі балалардың психологиялық ерекшеліктерін түсіндірудің маңыздылығына тоқталды.
Форум аясында қатысушылар цифрлық дәуірдегі балалар психологиясының жаңа ерекшеліктерін, жасөспірімдер арасындағы күйзеліс пен жалғыздықтың алдын алу жолдарын, суицидтің алдын алу бойынша тиімді модельдерді, сондай-ақ ата-ана, мектеп және қоғам арасындағы өзара әрекет мәселелерін жан-жақты талқылады.
Іс-шара барысында сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар форум бағдарламасында пленарлық отырыстармен қатар педагог-психологтарға, әлеуметтік педагогтерге және ата-аналарға арналған практикалық тренингтер мен шеберлік сабақтары өтті. Арт-терапия, эмоционалдық интеллектті дамыту, цифрлық дәуірдегі балаларды қолдау стратегиялары секілді өзекті тақырыптар қамтылды.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар