Итальяндық медиа Қазақстан туралы арнайы жобалар әзірлеуде
- авторБақытжан Бекболат
- 24 шілде, 2025
- 482
Елімізге алғаш рет әйгілі «Donnavventura» тревел-бағдарламасы мен «Corriere della Sera» газеті құрамындағы «Cook» гастрономиялық журналының түсірілім топтары келді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
«Donnavventura» – 35 жылдан бері Rai 2 телеарнасынан көрсетіліп келе жатқан танымал реалити-тревел шоу. Бұл жолы шығармашылық топ Қазақстан туралы арнайы digital-шығарылымдар сериясын YouTube және Instagram желілеріне арнап түсіруде.
Түсірілім Астанадан басталды. Жүргізушілер «BaiQymyz» гастро-фестиваліне қатысып, ұлттық тағамдармен, мәдениетпен танысты.
«Бұл - көшпелі дәстүрлерге жарқын саяхат: музыка, киіп көруге болатын ұлттық киімдер, киіз үйлер және жергілікті тағамдардан дәм тату. Итальяндық рагуға ұқсайтын қуырдақ ерекше әсер қалдырды және өте дәмді болды», – деді түсірілім тобы.
Түсірілім барысында Астананың көрнекті орындары – Бас мешіт, Есіл жағалауы, «Сауран» базары көрсетілді. Сондай-ақ, «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағының табиғаты қамтылып, жергілікті тұрғындармен сұхбаттар арқылы ұлттық болмыс жеткізілді.
Ал «Cook» журналының командасы үшін Астанада арнайы гастротур ұйымдастырылды. Олар Qazaq Gourmet мейрамханасында авторлық тағамдардың әзірлену үдерісімен танысып, Qazaq Geography алаңында шай рәсімі, ұлттық таңғы ас, сүр ет және десерттермен танысты.
«Соңғы екі жылда Италиядан келетін туристер саны екі еседен артық өсіп, 17 мыңнан асты. Оған 2022 жылы «Neos Air» компаниясымен Милан мен Алматы арасында тікелей рейстердің ашылуы, екі елдің туроператорлары арасындағы әріптестіктің дамуы және Қазақстан туризмінің Италиядағы елшінің тағайындалуы ықпалын тигізді. Бүгінде жетекші халықаралық медиа өкілдері Қазақстан туризміне үлкен қызығушылық танытып, өз ынталарымен түсірілімге келуде. Біз өңірлердегі визит-орталықтармен бірге түсірілім жұмыстарының логистикасын ұйымдастыруға көмектесеміз. Бұл - еліміздің туристік әлеуетін шетелдік нарықтарда ілгерілетуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Итальяндық журналистердің сапары Neos Air, Итало-қазақ сауда қауымдастығы, Visit Astana, Almaty Tourism Bureau және Алматы облысы Туризм басқармасы қолдауымен ұйымдастырылып, түсірілім Алматы қаласы мен облысында жалғасуда.






